СҚО-дағы элеваторлар жаңа ережелерге қарсы: бизнес көлеңкелі нарыққа кетуі мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы элеватор иелері Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа бастамаларына қарсылық білдірді.

СҚО-дағы элеваторлар жаңа ережелерге қарсы: бизнес көлеңкелі нарыққа кетуі мүмкін
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

Кәсіпкерлердің пікірінше, ұсынылған түзетулер заңды жұмыс істеп отырған кәсіпорындарды көлеңкелі секторға итермелеуі мүмкін. Мәселе СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен кеңесінде талқыланды.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, агенттік әзірлеген құжатқа сәйкес, элеваторларға «негізгі қуат» мәртебесі беріліп, олардың жұмысына жаңа талаптар қойылмақ. Бұл жобаны қазір «Атамекен» ҰКП сараптамадан өткізіп жатыр. 

Астық қабылдау кәсіпорындары өкілдері жаңа нормалар жұмысты бәсеңдетіп, бәсекелестікке кедергі келтіреді деп санайды. Олар бұл мәселеге қатысты ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және «Атамекенге» ұжымдық хат жолдаған.

СҚО-дағы элеваторлар жаңа ережелерге қарсы: бизнес көлеңкелі нарыққа кетуі мүмкін
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

Кәсіпкерлер алдымен элеваторларға «негізгі қуат» мәртебесін беру критерийлері түсініксіз екенін айтады. Шешімдерді саланы білмейтін мамандар қабылдаса, жүйе дағдарысқа ұшырауы мүмкін.

— Қазір өңірде 45 лицензияланған элеватормен қатар, көптеген тіркелмеген кәсіпорын жұмыс істейді. Заңды жұмыс істеп жатқан бизнес қысымға алынып отыр, ал көлеңкелі нарық ешқандай талапсыз жұмыс істейді, — дейді «Северное зерно» компаниясының негізін қалаушы, Қазақстанның Астық одағының өкілі Евгений Карабанов.

Бұдан бөлек кәсіпкерлер қосымша шығындардан қауіптенеді. Агенттіктің элеваторларға өтінімдерді қабылдау үшін жеке интернет-ресурс құру талабы жаңа қызметкерлер алуды қажет етеді, салдарынан фермерлерге қосымша салмақ түседі.

— Элеваторлардың өзі бүгін пайда әкелмей отыр. Мұндай жағдайда керісінше қолдау қажет, — деді Евгений Карабанов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Рустам Валеев СҚО-да ұсақ шаруашылықтардың элеваторларға астық өткізе алмау жағдайлары тіркелмегенін айтты. Оның сөзінше, Qoldau.kz жүйесінде элеваторлар туралы барлық ақпарат бар.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер агенттік ұсынып отырған өтінімдерді қарау мерзімін 30 жұмыс күні деп белгілеу дұрыс емес деп санайды. Әсіресе орақ науқанында оны жоспарлау мүмкін емес. 

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де талаптарды қатаңдату лицензияланған элеваторларда сақталатын астық көлемін азайтып, «көлеңкеге» әкетуі мүмкін екенін айтады.

— Біздегі сақтаудағы 30 млн тонна дақылдардың тек жартысын ғана лицензияланған элеваторлар қамтамасыз етіп отыр. Егер жаңа талаптар қабылданса, олардың үлесі одан әрі азаюы ықтимал, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Qoldau.kz платформасы бар, тек оған қажетті функцияларды қосып жетілдіру қажет. 

Әзірге ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрық жобасы жарияланған жоқ «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеріп, сараптамалық қорытынды дайындамақ. 

Бұған дейін өңірлерде орақ науқаны басталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар