СҚО-дағы колониялардың бірінде жазасын өтеушілер өзін жарақаттады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің № 51 мекемесінде сотталғандар көтеріліп, өздеріне жарақат салды.

— 14 мамыр күні таңертең біздің ата-аналар чатына «6 отрядта не болғанын естідіңдер ме?» деп жазды. Оқиғаның нақты қашан болғаны белгісіз. Түнде отрядқа қызметкерлер жүгіріп кіріп, ұйықтап жатқан оларды ұрған, мазақ еткен. Жазасын өтеп жатқан балалар өздерін жарақаттаған. Қансырап жатқан біреуіне ешкімді, өздерінің медқызметкерлерін де жақындатпаған. Қалай екенін білмеймін, біреуі жедел жәрдем қызметін шақырып, оларды 3 сағат бойы кіргізбей сыртта ұстаған дейді. Біздің естуімізше, 15 адам өзін жарақаттаған. Бірнешеуінің фамилиясын да білеміз, — дейді баласының жағдайына алаңдаған ана.
Ата-аналардың айтуынша, қазір бір жазасын өтеуші Петропавлдағы емдеу мекемесінің бірінде, реанимацияда жатыр. Оған ота жасалды.
— Анасы бүгін ауруханаға барады. Ол оқиғаның болғанын растап отыр. Ал бізге бәрі тыныш, ештеңе болған жоқ деп айтады. Бүгін түнде оларды барактан бір жаққа төсек-орнымен шығарды деп естідік. Баламыздың жағдайын біле алмай отырмыз. Қанша жасырғанымен шет жағасын естіп жатырмыз ғой, — дейді жазасын өтеушілердің бірінің анасы.
Әйелдің айтуынша, бір ай бұрын осы түзету мекемесінде жазасын өтеушілер қазіргі жағдайға наразылықтарын білдіріп, көтерілген. Бірақ ол жолы жергілікті деңгейде мәселе шешілген.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осы дерекке қатысты жауап берді.
— СҚО № 51 мекемесінде үш сотталушыдан тыйым салынған заттар тәркіленді. Мекеме режимімен келіспеген сотталғандар өздеріне дене жарақатын салды. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Олардың бірі бөгде затты жұтып қоюына байланысты қалалық ауруханаға жеткізіліп, операция жасалды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, — делінген ресми жауапта.
Бұған дейін СҚО-да 9 мамыр қарсаңында жарақаттанып, ауруханаға түскен майдангер қайтыс болғанын жазған едік.