СҚО-дағы Озерное ауылы дәрігерсіз отыр: тұрғындар маманға көріну үшін 70 км қатынауға мәжбүр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Озерное ауылының тұрғындары медициналық қызметкердің жоқтығына шағымданып отыр. Олардың айтуынша, дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына дейін шамамен 70 шақырым жол жүруге тура келеді.
Озерное ауылында, ауыл әкімінің есебінше, қазір 104 үй бар, 263 адам тұрып жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі — негізінен егде жастағы адамдар. Басы ауырып, балтыры сыздаса барып, көмек алатын елді мекенде медициналық қызметкер жоқ.
— Қарт адам болғандықтан жиі ауырамыз. 70 шақырым жердегі емханаға бару үшін көлік табуың керек. Біздің көлігіміз бар, бірақ жұбайым қартайғандықтан оны жүргізе алмайды. Жасы сексеннен асты. Сондықтан аудан орталығына жеткенше адам шыдамай өліп кетуі де мүмкін. Ал барған күннің өзінде ем-дом жазып берсе, үйде дәрі салатын адам жоқ, — дейді Леонтина Корчинская.
Ауылдық елді мекендерде: 50 адамнан 500 адамға дейін медициналық пункттер; 500 адамнан 1500 адамға дейін фельдшерлі-акушерлік пункттер; 1500 адамнан бастап дәрігерлік амбулатория болуы қажет.
Мәселеге қатысты СҚО Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, тұрақты медицина қызметкері жоқ ауылдарда тұрғындарға медициналық көмек жақын орналасқан алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары арқылы көрсетіледі. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері көшпелі қабылдау жүргізеді, қажет болған жағдайда науқастардың үйлеріне барады. Ал шұғыл жағдайларда жедел жәрдем тұрғынның тіркелген жеріне қарамастан қызмет көрсетеді.
Дегенмен бұл түсіндірме тұрғындардың күнделікті мәселесін толық шешпейді. Себебі жоспарлы тексерулер, диспансерлік бақылау, анықтамалар алу немесе қарапайым консультация үшін тұрғындар аудан орталығына қатынауға мәжбүр.
— Ауылдық елді мекенде тұрақты медицина қызметкерінің болмауы медициналық көмектің көрсетілмейтінін білдірмейді. Озерное елді мекенінің тұрғындары 30 км жердегі Келлеровкадағы дәрігерлік амбулаторияға бекітілген. Сондай-ақ оларға қызмет көрсететін жалпы тәжірибе дәрігері бар.
Денсаулыққа немесе өмірге қауіп төнген жағдайда тұрғындар 103 немесе 112 нөміріне хабарласуы тиіс. Жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін диспетчер телефон арқылы алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді. Қажет болған жағдайда науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жақын маңдағы стационарға жеткізіледі. Мұндай көмек пациенттің тіркелген жеріне немесе елді мекенде медицина қызметкерінің болуына қарамастан көрсетіледі, — дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саржанов.
Басқарма мамандары ауылдарға маман тартудағы басты кедергілердің бірі кадр тапшылығы екенін жасырмайды. Өңірде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар секілді мамандар жетіспейді. Жас дәрігерлердің басым бөлігі кәсіби мүмкіндігі мол әрі әлеуметтік жағдайы жақсы қалаларды таңдайды.
Мәселені тұрғын үй мәселесі де ушықтырып отыр. Ведомствоның мәліметінше, көптеген шағын ауылда қызметтік баспана жоқ немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қызметтік тұрғын үй, жеңілдетілген тұрғын үй кредиттері, көтерме жәрдемақы және ауылға барған тапшы мамандық иелеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.
— Бұдан бөлек, облыстың демографиялық ерекшеліктері де мәселені қиындатады. Көптеген ауылда халық саны азайып, жастар қалаға көшіп жатыр. Соның салдарынан бір медицина қызметкері бірнеше ауылға қатар қызмет көрсетуге мәжбүр. Бұл жол жүру уақытын ұзартып, медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер етеді. Сонымен қатар шалғай орналасқан елді мекендерге баратын жолдардың сапасы мен көлік қатынасы да қосымша қиындық туғызады, — дейді Нұрсұлтан Саржанов.
Ведомствоның мәліметінше, биыл өңірге 85 жас маман келеді деп жоспарланған. Оның 55-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, тағы 30-ы облыс әкімдігінің гранты арқылы даярланған мамандар. Олар оқуын аяқтап келгеннен кейін ғана медициналық ұйымдарға бөлінеді.
Сонымен бірге Денсаулық сақтау басқармасы барлық ауылдарды тұрақты медицина қызметкерлерімен толық қамтамасыз етудің нақты мерзімі жоқ екенін мойындайды. Мамандардың айтуынша, бұл мәселенің шешімі жаңа кадрларды даярлауға, оларды ауылда тұрақтандыруға, тұрғын үй салуға және инфрақұрылымды дамытуға байланысты. Сондықтан алдағы жылдары шағын және шалғай ауылдардың бір бөлігінде көшпелі медициналық қызмет көрсету сақталады.
Бұған дейін СҚО-да қазіргі уақытта тұрғындарға он көшпелі медициналық кешен қызмет көрсетіп жүргенін жазған едік.