СҚО-дағы Шарық су торабын қалпына келтіру үшін 2 млрд теңге қажет

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптары көп факторлы тексерістен өтті. Биылғы көктемгі су тасқынында нысандар мол суды өткізіп, қалыпты жұмыс істеуге дайын. 

су қоймасы
Фото: Pexels

«Қазсушар» РМК СҚО филиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, су тораптарын тексеруге республикалық бюджеттен 28 млн теңге бөлінді. Петропавл, Сергеев су тораптары қалыпты жұмыс істеп тұр.

«Қауіпті ақаулар табылмады. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Шарық өзенінде орналасқан су торабы кезінде ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мақсатында салынған, көлемі 8 млн текше метр. Бізге 2004 жылы берілді. Ал 2016 жылдан бастап транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Нысан апаттық деп танылған. Су торабын қайта ауыл шаруашылық мақсатта қолдану үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы құю керек. Бірақ өңірде ондай қаражат жұмсауға дайын шаруашылықтар жоқ. Сондықтан жөндеп, қалпына келтіру тиімсіз. Бүгінде апатты жағдайда тұрғанымен, тұрғындарға келер қауіп жоқ. Су тасқыны кезінде келген суды еш қиындықсыз өткізуге қауқарлы», - дейді Шұғайып Ибатуллин.

«Қазгидромет» РМК биыл СҚО-ға 1 млрд 700 млн текше метр су келеді деп болжап отыр. Бұл жылдағыдан 40 % көп. Көп жылғы тәжірибеге сүйенген мамандар Сергеев су торабынан су 2 метрден асып төгіледі деп есептейді.

«Қанша су келсе, соншасын қабылдаймыз. Алдын ала дайындалудың қажеті жоқ. Ол еш әсер етпейді көктемгі су тасқынына. Қазіргі уақытта мекемеде жедел әрекет ететін штаб құрылды. Нысандар комиссиялық тексерістен өтеді. Наурыз айының соңында мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, мониторинг жүргізеді. Су қоймаларының толу деңгейі мен жұмысын тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап отырады», - дейді Шұғайып Ибатуллин.  

Соңғы жаңалықтар