Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-дағы суы шипалы Меңгесер көлінде әйел көз жұмды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы тұзды көлге 63 жастағы әйел туыстарымен бірге демалуға келген.

Меңгесер
Фото: Kazinform

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 26 шілде күні сағат 13:00 шамасында болған. Марқұм суға кірген кезде кенеттен жағдайы нашарлаған.

Көл жағасында оған медициналық көмек көрсетілгенімен, жанына араша түсу мүмкін болмады.

Осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады, - деді баспасөз қызметінің өкілдері.

Бір ай бұрын осы Меңгесер көлінде 77 жастағы ер адам көз жұмған еді. Ол да тұзды көлге кірген кезде өзін жайсыз сезінген. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі ер адамды аман алып қала алмады. Куәгерлердің айтуынша, демалуға келген Айыртау ауданы тұрғынының қан қысымы көтеріліп кеткен.

Мамлют ауданындағы Меңгесер тұзды көліне СҚО тұрғындары ғана емес, көрші өңірлерден, Ресейден де келіп ем алады. Көл түбіндегі емдік балшық тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына көмектеседі. Бұл гинекологиялық, жүйке аурулары, метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы болуы мүмкін. Бұл көлдегі балшық қара түсті, құрғаған кезде ашық сұр түске айналады, күкіртсутектің өткір иісі бар.

Мамандар бұл көлдің суына 15-30 минуттан артық түсуге болмайтынын айтқан еді.