СҚО-дағы Токаревка ауылының тұрғындары қыста таза сусыз қаламыз ба деп қорқады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Тоқаревка ауылындағы су мұнарасы өткен қыста боранда зақымданған.
Елді мекен тұрғындарының айтуынша, қатты желден нысан істен шығып, олар қыстан сусыз шыққан. Жергілікті билік жаз шыққаннан кейін жөндейміз дегенімен, құрылыс жұмыстары әлі күнге басталмаған.
— Жергілікті әкімдікке бірнеше жүгіндік. Су мұнарасы апатты жағдайда тұр. Жаз ортасынан асып барады. Қыста тағы да сусыз отырамыз ба деп қорқамыз, — дейді Токаревка тұрғындары.
Мамлют ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы су мұнарасында дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп, уақытша жөндеу жасалған.
— Тоқаревка ауылына жаңадан су инфрақұрылымын салу жобасы әзірленген. Жоба бойынша әрқайсысының сыйымдылығы 100 текше метр болатын үш таза су резервуарын, көлемі 50 текше метр болатын су мұнарасын және екінші көтерілімдегі сорғы станциясын салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін конкурс рәсімдері аяқталып, 2025 жылғы 4 тамызда «KURUK» ЖШС-мен жалпы құны 354,8 млн теңгеден асатын келісімшарт жасалған. Алайда қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті қаржы бөлінбеген, — делінген әкімдік жауабында.
Осыған байланысты СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қаржы бөлу үшін қайтадан бюджеттік өтінім жолданды, яғни қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін ғана жаңа су нысанының құрылысы басталады деп жоспарланған.
Ал оған дейін ауыл тұрғындары су мұнарасының жағдайына алаңдап, мәселенің тезірек шешілуін күтіп отыр. Қыстан өту үшін тым болмаса сорғы қойса деген тілектері бар.
Бұған дейін Алматыда «Ақсай» су тарту станциясы құрылысы аяқталғанын жазған едік.