СҚО-дағы Алабота ауылының 5-сынып оқушысы Австрияға жолдама жеңіп алды
СҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жануарлар – менің достарым» атты республикалық экологиялық байқауға Тайынша ауданы Алабота орта мектебінің 5-сынып оқушысы Елдос Жангелді де өз суретін жіберген. Баланың еңбегі жоғары бағаланып, өз жасындағылар арасында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
«Бұл сайысқа сынып жетекшім маған қатыс деп ұсыныс жасады. Бірден қабыл алдым. Жануарларды жақсы көрем, олар жайында үнемі кітаптар оқимын. Конкурсқа дейін мен пілдерді қалай қолға үйрететіндігі, оларды қалай қинайтындығы туралы оқып білген едім. Осы көріністі елестетіп, қағаз бетіне түсіруге тырыстым. Сурет салғанда олардың көрген азабын көз алдыма елестетіп едім, көзіме жас келді. Мен суретім арқылы барлық адамдарды жануарларды қорғауға, аялауға шақырамын», - дейді жеңімпаз Елдос Жангелді.
Мамандардың айтуынша, байқауға 6 мен 17 жас аралығындағы балалар қатысты. Олардың еңбектері 4 жас санаты бойынша бағаланды. Үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Енді жеңімпаздар, соның ішінде Елдос та бар, эпидемиологиялық ахуал жақсарғаннан кейін Австрияға жол тартпақ. Вена қаласында өтетін көрмеден балалар өз суреттерін де тамашалай алады.