СҚО-ға 40 жыл бұрын әкелінген маралдардың қазіргі жағдайы қандай

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қыста жабайы жануарларға қорек табу қиын. Мұндайда қорықшылар оларға көмекке келеді.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Суық түсе салысымен жануарларды қосымша азықтандыру басталады. Арнайы жабдықталған қоректендіру алаңдарына тұз, дәнді дақылдар, шөп және ағаш бұтақтарынан дайындалған «жасыл сыпырғыштар» қойылады.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Тұз жануарлардың ағзасын нығайтуға қажет болса, шөп пен жем энергия көзі ретінде маңызды. Қайың мен теректің бұтақтары дәруменге бай қосымша азық болып саналады.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұрын өңірге «Красный бор» деген атпен белгілі болған қорықшаның қазір атауы жаңарғанымен, атқаратын қызметі өзгермеген.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жануарлар әлемін қорғау бойынша жедел қызмет деп аталатын мекеменің міндеті — жабайы жануарларды ит-құсқа жем қылмай күзетіп, қыстан аман шығуына жағдай жасау.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қазір бұл аумақ резервтік қор болып есептеледі. Кез-келген уақытта аңшылық алқабы ретінде жекеменшікке берілуі мүмкін. Мемлекеттік мекеме 62,3 мың га аумақты алып жатыр. Былтырғы санақ кезінде 1677 марал, 460 шақты доңыз, 1700-дей сібір елігі болды. Биыл ақпанның 20-сынан бастап санауға кірісеміз, — дейді директордың міндетін атқарушы Николай Гусельников.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың негізі өткен ғасырдың 70-ші жылдары қаланған. Осы салада 47 жыл еңбек етіп келе жатқан Николай Гусельниковтың еңбек жолы да осында басталған екен.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— 1979 жылы алғаш рет доңыздарды әкеліп жібердік. 1982 жылы 20 бас маралды қоныстандырдық. Содан көбейді ғой, қазір марал-еліктер Айыртау ауданында да кездеседі. Былтыр қысқа деп 98 тонна жем алдық. 100 тоннаға жуық шөп әзірледік. 11,5 мың сыпыртқы дайындалды. Өздеріңіз көргендей жануарлардың күйі жақсы. Ұңғымамыз бар, суарамыз, жем-шөп береміз. Сол себепті көбіне алысқа ұзап кетпейді. Кейбірі тебіндеуді де қойды, — дейді Николай Гусельников.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Руслан Құсайынов мекемеде орманшы-қорықшы инспектор болып еңбек етеді. Соғыстан аман-есен келген атасы да, әкесі де осында жұмыс істеген.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Кішкентайымнан осында әкеммен бірге келіп, жануарларға қамқорлық жасап өстім. Бір кездері бұл жұмыстан кеткен кездерім де болды, бірақ, қайтып келдім. Ауылда туып өскеннен кейін табиғатты, таза ауаны, даланы аңсайсың. Бұл жерде еңбек еткеніме он жылдан асты. Сүйіп істегеннен кейін ешқандай қиындыққа мойымайсың, — дейді Руслан.

аң
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Биылғы қыс жұмсақ, аяз қатты болмады, қар да жұқа. Сондықтан тұяқты жануарлар қорегін өздері де оңай тауып жүр. 

Соған қарамастан қорықшылар оларға күнделікті жем-шөбін беріп, күтімге алған.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Жеті алаң бар. Сол жерге жем-шөп, сыпырғыштар апарып тастаймыз. Бұл маралдар үйірімен жүреді. Аталықтары үйірге ие болып, шашау шығармайды. Жыл сайын мүйізін тастап, жаңартып отырады. Сондай-ақ мүйізіне жылына бір тармақ қосылып отырады. Тармағына қарай жасын білуге болады. Ұрғашыларында мүйіз болмайды. Көктемнің соңында, мамыр айының аяғы мен маусым басында төлдейді. Әдетте елік сияқты егізден емес, бір бұзау туады. Марал елікке қарағанда ірі келеді, сиырмен салыстыруға болады. Маралдардың тағы бір ерекшелігі — адамға жақын, еліктер үркек келеді. Күнде көріп жүргеннен кейін, қоректендіргеннен кейін бізден қорықпайды, — дейді қорықшы.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұған дейін елу жыл ғұмырын орман шаруашылығына арнаған СҚО тұрғыны Сәуле Сүлейменова туралы жазған едік.  

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум