СҚО-ға тұрақты тұруға келген шетелдіктер саны үш есе өскен
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 195 шетелдік Қазақстан азаматтығын алды, олардың көбі Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан келгендер.
Ресми деректерге сәйкес, облыс аумағына тұрақты тұруға 2023 жылы 1421 шетелдік азамат келген болса, 2024 жылы — 416, ал 2025 жылы тұрақты тұруға келген шетелдіктер саны 1046 адамға жетті.
Былтыр СҚО-да тұрақтаған шетел азаматтарының басым бөлігі — 170-і Ресейден, сондай-ақ 47 — Тәжікстаннан, 41 — Өзбекстаннан, 37 — Қытай Халық Республикасынан, 12 адамнан Әзербайжан мен Украинадан келген.
Қазақстан паспортын алғандардың ішінде де Ресейдің үлесі басым. Көрші елден — 60, Өзбекстаннан — 32, Моңғолиядан — 31, ҚХР — 28, Тәжікстаннан — 15, Түрікменстаннан — 11, Әзербайжаннан — 3, Армениядан — 3, мүлде азаматтығы жоқ адамдардың үшеуі және Ауғанстан, Иран, Украинадан бір адамнан Қазақстан азаматы атанды.
Қазіргі таңда облыс аумағында уақытша тұруға тіркелген 5116 шетелдік азамат бар. Ал 2026 жылдың басынан бері өңірге жұмыс істеу мақсатында 2800-ден астам шетелдік тіркелген.
— Көші-қон заңнамасының сақталуы үнемі бақылауда. Былтыр көші-қон саласында 13,5 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оның ішінде 1733 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Негізгі құқық бұзушылықтардың бірі — Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзу. Осы жылдың алғашқы бес айында көші-қон саласында 6 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 286 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еділ Қазиев.
Заң талаптарын бұзған шетел азаматтары сот шешімімен ел аумағынан шығарылады. Былтыр Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзғаны үшін 83 шетелдік шекара асырылса, Биыл мұндай шешім 31 адамға қатысты қабылданды.
Бұған дейін Астанада көші-қон схемасын ұйымдастырып, 900 млн теңге пайда тапқан алаяқ сотталғанын жазған едік.