СҚО Қызылжар ауданына жаңа әкім тағайындалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Сақтаған Сәдуақасов Қызылжар ауданының әкімі болып тағайындалды.
Сақтаған Сәдуақасов 1981 жылы Ақмола облысындағы Тассуат ауылында дүниеге келген.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласы Ішкі саясат департаментінің талдау және мониторинг бөлімінің маманы болып бастап, бұл қызметте 2009 жылға дейін жұмыс істеді.
2009 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымында еңбек етті. Сондай-ақ әр жылдары Nur Otan партиясының орталық және қалалық филиалында түрлі лауазымдарда, оның ішінде Nur Otan партиясы орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
2021 жылы Астанадағы Nur Otan партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Кейін АMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, ал 2023 жылдың маусымынан осы тағайындауға дейін атқарушы хатшысы болып еңбек етті.