СҚО көпбейінді аурухана құрылысы қашан аяқталады – министр жауабы

Аурухана құрылысы
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы «сақалды» құрылыс – көпбейінді аурухана ғимараты 1,5 жыл ішінде пайдалануға берілмек. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірге сапар барысында осы салада атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталды.

2019 жылы құрылысы басталып, содан бері бітпей жатқан облыстық көпбейінді аурухана ғимаратын түрік инвесторлары Петропавлда тұрғызып жатыр. Кезінде жарнамасы жер жарған болашақ емдеу мекемесі жоба бойынша жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталады. Яғни өңір тұрғындары ешқайда бармай-ақ сапалы медициналық көмек алмақ.

Жаңа аурухананың қашан қолданысқа енгізілетіні көптің көкейінде жүрген сұрақ. Өңірге келген Денсаулық сақтау министрі құрылыс алаңында болып, инвесторлармен кездесті. 

«Облыстық көпбейінді аурухана 480 орынға арналған. Мердігерлермен кездестік, құрылыстың қарқынды жүруін мен де өз тарапымнан сұрадым, себебі 250 адамдай ғана бүгінде жұмыс атқарып жатыр. Жылдың аяғына дейін монолиттің құрылысы аяқталады. Келесі жылдың соңы немесе 2026 жылдың басында құрылыс толық бітпек. Ескере кетер жайт, бұл жеке инвестицияға салынып жатыр, сол себепті, бекітілген ешқандай іс-шара жоспары немесе келісімшарттар жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі науқастардың легін ұйымдастырып беруге дайын. Бүгінгі күні құрылысты тездетіп аяқтау және жергілікті атқарушы органның балансына беру мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Ақмарал Әлназарова. 

Жалпы, Президент бастамасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде 565 медициналық нысан салынып, іске қосылуы тиіс болса, соның 38-і СҚО-ға тиесілі. Оның барлығында құрылыс кестеге сай жүріп жатыр. 

«Бескөл ауылындағы Қызылжар аудандық емханасында болдым. Қазір бұл ауданда 48 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Халықтың өсуіне, әрі ғимараттың ескіруіне байланысты жаңа емхананың қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі күні әкімдік өз тарапынан тиісті құжаттарды дайындап жатыр. Біз өз тарапымыздан бұл мәселенің шешілуіне ат салысамыз», - деді Денсаулық сақтау министрі. 

Бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісі 20% өскенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram