СҚО мәдени өміріндегі басты оқиғалар - Ш.Уәлихановтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар болды
ПЕТРОПАВЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Қазақтың белгілі ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар осы аптада Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өміріндегі басты оқиғаларға айналды.
Салтанатты шараларға қатысу үшін СҚО-ға Астанадан, Алматыдан, Көкшетаудан республикамыздың қоғам қайраткерлері, Ресей Федерациясының Омбы облысынан ғалымдар, жазушылар келді.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде талантты ғалым-этнограф және публицистің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға облыс әкімі Серік Біләлов, мүсінші, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі Шота Уәлиханов, белгілі ақын, Қазақстанның қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инстутының директоры Саттар Мәжитов, өлкетанушы Қайролла Мұқанов қатысты.
Бейсенбі, 11 қараша күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі, 70-80-ші жылдары Шоқан Уәлихановтың рөлін сомдаған Виктор Шалаев қойған «Шоқан Уәлиханов» спектаклінің премьерасы болды.