СҚО-ның бірнеше ауданында балаға қатысты туыстары тарапынан сексуалды зорлық-зомбылық жасалған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы 8 айда полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы 49 қылмыстық істі тергеді.

қылмыс
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінікі

СҚО прокуратурасында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолы жиын аса өзекті тақырып – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналды. 

СҚО прокурорының орынбасары Александр Трикачевтің айтуынша, соңғы бес жылда өңірде отбасылық қатынастар саласында жыл сайын орта есеппен 2 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

Сол кезеңде физикалық зорлық-зомбылық үшін жылына шамамен 900 іс тіркеліп отырған.

- 2024 жылдың 15 маусымында отбасылық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін де, әкімшілік құқықбұзушылықтар саны азаймай отыр. 2024 жылы 2140 жағдай тіркелсе, осы жылдың 8 айында 1756 дерек есепке алынды. Алайда дене жарақатын салу мен ұрып-соғу сияқты әрекеттер бойынша тіркелген істер екі есе қысқарған, - дейді А.Трикачев. 

Прокурордың айтуынша, бірақ көптеген жәбірленуші көмек сұрамайды. Сондықтан латенттілікті төмендету – бүгінгі отырыстың басты тақырыптарының бірі.

- Отбасындағы зорлық-зомбылық кейде жылдар бойы жасырын қалады. Егер жәбірленуші – бала болса, бұл жағдай тіпті ешкімге айтылмауы мүмкін. 

Мысал ретінде Шал ақын, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарында және Петропавлда болған ауыр фактілерді келтіруге болады. Туған әкелері, өгей әкелері мен туыстары тарапынан кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық зорлық көрсетілгені анықталды. 

Кейде бала бұл ауыртпалықты жылдар бойы іште сақтап, тек бір кездейсоқ жағдайдың арқасында ғана шындық ашылады. Егер бұл дер кезінде анықталмаса, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балада суицидке бейім мінез-құлық қалыптасуы мүмкін, - дейді А.Трикачев. 

Прокурордың айтуынша, осы күрделі мәселені жедел шешу үшін Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдар құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке басқарма құруды тапсырды. Мұндай басқарма Ақтөбе облысында жұмысын бастап кетті.

Бұған дейін зорлық-зомбылыққа шағымданған 85 астаналықтың 64-і арызын қайтып алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар