СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Имантау ауылының маңынан табылған қоныс қола дәуіріне тиесілі. 

СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды
Фото: Ұлттық музей

Қазақстан мен Қытай археологтарының бірлескен экспедициясы барысында ежелгі тұрғын үйдің орны, қыш ыдыстардың бөліктері, тас және қола құралдар, жебе ұштары, жануар сүйектері мен металл өңдеуге пайдаланылған кен қалдықтары табылды.

Археологиялық қазба жұмыстары 14 шілдеде басталған. Мамандар 324 шаршы метр аумақта 17 тамызға дейін зерттеу жүргізді. Алдын ала деректер бойынша, Имантаудағы қоныс шамамен б. з. д. XVI–XV ғасырларға жатады.

СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды
Фото: Ұлттық музей

Экспедиция жетекшілерінің айтуынша, қоныста жылқы мен басқа да малдардың сүйектері көптеп кездеседі. Бұл жерде төрт түлікті ұстау дәстүрі қалыптасқанын аңғартады.

— ҚР Ұлттық музейінің халықаралық жобаларының бір бағыты — шетелдік ғалымдармен бірлесіп, біздің тарихи мұрамызды, соның ішінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Қазіргі таңда Қытай ұлттық музейімен бірлескен алғашқы қазақ-қытай археологиялық экспедициясы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты — қола дәуірі мен ерте темір дәуірін зерттеу. Бұл тақырып халықаралық ғылыми қауымдастық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл өңірде Ботай қонысы және басқа да бірегей археологиялық ескерткіштер орналасқан. Бұған дейін біз корей археологтарымен де бірлескен жұмыстар жүргізгенбіз. Ал қазіргі жоба бес жылға жоспарланған. Биыл алғашқы зерттеу кезеңі басталды.

Қытайлық мамандардың технологиялық және зертханалық мүмкіндіктері жоғары. Олардың зертханалары топырақтың, күлдің, табылған заттардың, сүйектер мен металдардың құрамын, жылын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай бірлескен жобалардың ғылым үшін маңызы ерекше, — дейді ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы.

СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды
Фото: Ұлттық музей

Қазба барысында қоныстың батыс бөлігінен күл қабаты мен күйген тастар табылды, бұл оның от жағуға пайдаланылғанын көрсетеді. Пештің металлургиялық мақсатта қолданылған-қолданылмағаны әзірге зерттеліп жатыр.

СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды
Фото: Ұлттық музей

Қытай Ұлттық музейі, Археология институтының аға ғылыми қызметкері Чжан Сяолэйдің айтуынша, экспедиция барысында табылған алғашқы жәдігерлер қоныс жайында біраз мағлұмат берген. Жалпы, бұл экспедицияның негізгі мақсаты — Еуразия даласындағы қола дәуірі мәдениетінің қалыптасу кезеңдерін тереңірек зерттеу.

— Бес жылға келісімшартқа отырдық. Қазба жұмыстары барысында көптеген артефакт табамыз деген үміттеміз.Бұл жерден жылқы мен мал сүйектері көп табылды. Төрт түлікті ұстау қалыптасқанын көруге болады. Табиғаты да өте әдемі, таулармен қоршалған. Осы жерде зерттеу жұмыстарын бастау біз үшін өте маңызды, — дейді шетелдік ғалым. 

Археологтар бір ай шамасында тұрғын үйдің құрылымын анықтап, қоныстың көлемі мен қызметін нақтылауға тырысты. Мамандардың болжамынша, нысан әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары мәртебеге ие топтың мекені болуы мүмкін. Бұған тұрғын үй құрылысының ерекшеліктері мен одан табылған заттардың сипаты негіз болған. Дегенмен бұл болжамды нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.

СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылды
Фото: Ұлттық музей

Экспедицияға Қытайдан төрт маман және Қазақстанның әр өңірінен 20-дан астам археолог пен студент қатысып жатыр. 

Биылғы зерттеу жұмыстары 33 күнге жоспарланған. Келесі жылы қазба мерзімін 45 күнге дейін ұзарту көзделіп отыр. Сонымен қатар қола дәуірі ескерткішімен қатар ерте темір дәуіріне тиесілі нысандарды да зерттеу жоспарланған.

Ғалымдардың пайымынша, Имантаудағы қазба жұмыстары Солтүстік Қазақстанның қола дәуіріндегі тарихын жаңа деректермен толықтыруға мүмкіндік береді. Алдағы төрт жылда жүргізілетін зерттеулер нәтижесінде ежелгі қоныстың құрылымы, тұрғындарының кәсібі мен тұрмыс-тіршілігі туралы бұдан да көп мәлімет алынуы мүмкін.

Бұған дейін Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар ортағасырлық Жанкент қалашығында археологиялық қазба жұмысы қолға алынғанын жазған едік