СҚО-ның курорттық аймағында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының Имантау-Шалқар курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салынып жатыр.

СҚО-ның курорттық аймағында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Фото: pixabay

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кәсіпкерлер 3,3 млрд теңге жұмсамақ. 2027 жылы толық пайдалануға беріледі. 

Өңірдегі демалыс орындарындағы басты мәселе — жол және интернеттің нашарлығы. Олар біртіндеп шешіліп жатыр.

— Былтыр жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 8,5 км болатын
— 4 жолға шамамен 800 млн теңге бөлініп, жөнделді. Биыл жұмыс жалғасып, ұзындығы 12,1 км болатын 5 жол 990 млн теңгеге жөнделді.

Цифрландыру аясында жалпы ұзындығы 5,2 км оптикалық-талшықты кабель төселді. Осы жұмыс нәтижесінде Шалқар көлінің жағалауында орналасқан 7 демалыс аймағы интернетке қол жеткізді. Алдағы жылы қалғандарына интернет желісі тартылады.

Сонымен қатар, «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің бақылау-өткізу бекеттерінде QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар автоматты шлагбаумдар орнатылды, — дейді басқарма басшысы Дархан Әмрин.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта ұлттық парктің бас жоспарына түзетулер енгізіліп, қолданыстағы туристік маршруттарды қайта қарап, олардың паспорттары жаңартылып жатыр. Нәтижесінде қолданыстағы соқпақтар негізінде туристерге бёрдвотчинг бағыттарын құрып, аймаққа тән құстарды тамашалауға мүмкіндік туады.

— Туристік бизнес субъектілері де қолданыстағы демалыс орындарын кеңейту және жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, «Жемчужина» демалыс базасында 7 қысқы үйдің құрылысы басталды, қосымша тағы 7 үй салу жоспарланған. «Жанабаев Б» демалыс базасында 3 коттедж және асхана пайдалануға берілді. «Aytas» демалыс базасында кеңейту жұмыстары жүргізіліп, асхана құрылысы аяқталды. Қазір 50 орындық 3 коттедждің құрылысы жалғасқан, — дейді Дархан Әмрин.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы тоғыз ай ішінде СҚО-ға 134 мыңға жуық адам қыдырып келген. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 16% жоғары. 127 мыңы ішкі туристер болса, 7 мыңнан астам адам сырттан келген. Сондай-ақ туристердің 68 мыңы Петропавлды араласа, 36 мыңға жуығы Айыртау ауданына демалысқа аттанған.

Бұған дейін Ұлытауда туризм саласына 3 млрд теңге инвестиция тартылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар