СҚО-ның Шаховское ауылында 14 мыңға жуық үй құсы қырылып қалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Шаховское ауылында үй қаздары белгісіз аурудан қырылып жатыр.
Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жариялады. Олардың айтуынша, үй құстары қыркүйек айының басынан ауырып, өле бастаған. Қазір ауылдағы құстардың шамамен үштен бірі қырылған. Әзірге қаздардың неден өліп жатқаны белгісіз.
— Менің қаздарым 8 қыркүйектен бастап ауыра бастады. Бірнешеуі өліп қалды. Алдымен қалтырайды, дене қызуы көтерілетін шығар. Одан кейін іштері өтеді, нәжісі ашық жасыл түсті.
Дәрі-дәрмек сатып алып бердік, бірақ ешқайсы көмектеспей жатыр. Жем жемей қойды, тек қана су ішеді, — дейді Шаховское ауылының тұрғыны.
Ауылдықтардың көпшілігі қаз өсіруді кәсіпке айналдырған. Сондықтан кейбір аулаларда құстардың саны мыңға дейін жетеді.
Бұл елді мекенде былтыр да күзде үй құстары жаппай қырылып, тұрғындар айтарлықтай шығынға батқан еді. Былтыр қараша айында 21 отбасының 7 мыңнан астам үй құсы қырылды.
Жергілікті ветеринарлық станция мамандары зертхана қорытындысы бойынша құстардың пастереллезден өлгенін мәлімдеді. Бірақ тұрғындар мұнымен келіспей, тәуелсіз сараптама жасатқан.
— Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығына өлген қаздың сынамасын жібердік. Орталықтың тәуелсіз сараптама қорытындысында қаздан жоғары патогенді Н5N1 деген құс тұмауы анықталғаны көрсетілген. Бірақ әкімдік те, басқалары да біздің тәуелсіз сараптаманың қорытындысын қабылдаған жоқ, — деген еді зардап шеккендердің бірі Жанат Ғаббасов.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, Шаховское ауылында үй құстары, соның ішінде негізінен қаздар тамыз айынан бастап өліп жатыр. Осы уақытқа дейін 13 869 бас құс қырылған.
Құстардың неден өлгенін анықтау мақсатында қажетті биологиялық және патологиялық материалдар алынып, зертханаға жолданды.
— Қазіргі уақытта ауылда ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Құс қырылған аулаларда дезинфекциялық жұмыстар ұйымдастырылып, тиісті ветеринариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілген.
Ал өлген құс белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес мал қорымдарына жеткізіліп, жойылды, — делінген ведомствоның жауабында.