СҚО полицейлері алимент төлеуден жалтарған 19 әкені әшкереледі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жыл басынан бері СҚО Көші-қон қызметі алимент төлемей қашып жүрген 19 жауапсыз әкені іздеп-тауып, құзырлы органдарға тапсырды.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жарым айдың ішінде Көші-қон қызметі бөлімшелерінде айыппұл мен алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерді немесе туыстық байланыстарын жоғалтқан 60 адам іздестірген.
Туыстық байланыстарды жоғалту жағдайлары көбінесе ақша табу үшін кеткен бойы жақындарынан хабар үзіп қалатын жағдайда тіркеледі. Анасына үш ай бойы қоңырау шалмаған 27 жасар Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғыны хабарсыз кеткен. Келіп түскен өтініш негізінде полицейлер ақпараттық есепке алу бойынша тексерістер жүргізіп, бару ықтимал деген жерлерге іздестіру тапсырмаларын жіберген. Нәтижесінде азаматтың Алматыға жұмыс істеуге кеткені анықталып, бұл туралы шешесіне дереу хабарланды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері 2019 жылдан бері 8 және 7 жастағы екі ұлы мен қызын асырауға алимент төлеуден жалтарып жүрген тұрғынды іздеп тапты. Тәртіп сақшылары оның Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан жерін анықтады. Материалдар сот орындаушыларына жіберілді.
«Сондай-ақ тұрақты негізде көші-қон заңнамасын сақтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, Қазақстан Республикасында тіркеусіз 30 күн жүруге рұқсат берілген шетелдіктер келесі күні қайта тіркелуге болады деп санайды. Бұл қате түсінік, себебі ережені бұзғанына байланысты сот шешіміне сәйкес ескерту жасауға, айыппұл салуға немесе елден шығарып жіберуге құқылы», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Талғат Әбілов.
Жыл басынан бері көші-қон қызметінің қызметкерлері заң бұзған 69 шетелдікті, заңсыз жұмысқа орналастырудың 7 фактісін анықтады.
«Мұндай жағдайларды анықтау мақсатында шаруа және фермер қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, құрылыс объектілеріне, базарларға, вокзалдарға және басқа да заңсыз еңбек мигранттары жүруі ықтимал жерлерге тұрақты түрде тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар, Қазақстанның 23 азаматы үш күндік мерзім ішінде полицияға шетелдіктердің келгені туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды» — делінген хабарламада.