СҚО прокуратурасында Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асырылу мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» өтті
ПЕТРОПАВЛ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Бүгін Петропавлда облыстық прокуратурада «Құқықтық саясат тұжырымдамасы. Мемлекеттің құқықтық негіздерін одан әрі нығайтуға арналған бағыт» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болып өтті. Оған облыс құқық қорғау органдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстелге» қатысушылар Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы тамызда бекіткен және он жылға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленген мемлекеттік құқықтық саясаттың негізгі бағыттарын талқылады.
Облыс прокурорының орынбасары Дмитрий Ивановтың айтуынша, Тұжырымдама мемлекеттің құқықтық негіздерін одан әрі нығайту мақсатында құқық қорғау органдары қызметтерінің белгілі бір мәселелерде бірқатар көзқарастарын өзгертуді көздейді.
«Дөңгелек үстел» барысында мемлекеттің құқықтық негіздерін дамыту бойынша пікір алмасу болды.