СҚО студенттері су тасқынымен күресіп жатқандарға 100 кг жуық бауырсақ-самса пісірді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орны студенттері су тасқынымен күреске ат салысып, бірі волонтер болса, енді бірі ұстаздарымен құтқарушыларға нан өнімдерін пісіріп, тамақтандырып жүр.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, студенттер бүгінде қашықтан білім алып жатыр. Оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер су тасқынымен күреске бір кісідей ат салысуда. Волонтерлер гуманитарлық көмек тасып, эвакуациялық пункттерге су, азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттарды жеткізіп жүр.
Ал ұжымның әйелдер қауымы 9-15 сәуір аралығында агротехнологиялық факультеттің азық-түлік қауіпсіздігі зертханасында су тасқынымен күресіп жатқан волонтерлер мен әскери қызметшілерге тамақ дайындаумен айналысты. Барлығы 40-қа жуық адам 80 келі бауырсақ, 9 келіден астам самса, 5 келі тоқаш пісірген.
Сондай-ақ жоғары оқу орнында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау пункті жұмыс істейді. Ол № 4 корпустың 101 кабинетінде орналасқан.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барғанын айтқан едік. Мемлекет басшысы Сергеевка су қоймасын, су басқан Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көрді.
Кейін тасқын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.