СҚО жолдарында «ақылды» бейнекамералар саны артты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 70-тен астам интеллектуалды бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр.

СҚО жолдарында «ақылды» бейнекамералар саны артты
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты – өңір жолдарындағы апаттар санын азайту. Жыл басынан бері облыс аумағында 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам мерт болды, 256 адам жарақат алды.

- Жол ережесін бұзуды автоматты түрде фото және бейне тіркеу жүйелері өз тиімділігін көрсетіп отыр. «Ақылды» бейнекамералар орнатылған жолдарда ауыр зардабы бар бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Апаттылықты талдау мен азаматтардың өтініштеріне сүйене отырып, бұл жүйелерді қала маңындағы жолдарға да енгізу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, - дейді тәртіп сақшылары.

Бүгінде СҚО-да 67 «интеллектуалды» бейнебақылау аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. 10 маусымнан бастап қозғалыс қарқыны жоғары Қызылжар ауданының шеткі аймақтарында тағы 5 жаңа құрылғы іске қосылды. Олар «Жезқазған-Петропавл» трассасындағы Бескөл мен Бәйтерек ауылдарының негізгі кіреберістерінде, «Астана-Петропавл» жолындағы «Altiro» кафесінің маңында және «Челябі-Новосібір» трассасындағы Белое ауылының негізгі кіреберісінде орнатылған.

Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы «Көкшетау-Петропавл» автожолында Бескөл, Астраханка және Драгомировка ауылдарының маңында жылдамдықты автоматты өлшеу құралдарын орнатты.

Бұған дейін СҚО-да салынып жатқан кей жолдар стандартқа сай болмағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар