СҚО жолдарында қыста 200-ден астам жылыту бекеті жұмыс істемек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар жолдарында қыс уақытында 108 техника жұмыс істемек. Трассаны қардан тазартуға жеті ұйым жұмылдырылған.

СҚО техникасы
Фото: СҚО әкімдігі

СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдегі жергілікті автомобиль жолдарының желісі 6,4 мың шақырым, оның ішінде облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 2 мың км болса, қалғаны аудандық маңызы бар жолдар. Жергілікті маңызы бар автожолдарда 1 жол өтпесі, 33 көпір және 1 380 су өткізу құбыры орналасқан.

СҚО-ның қысқа арналған техникалары
Фото: СҚО әкімдігі

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын биылғы қысқы кезеңде күтіп ұстауға 13 аудан бойынша 7 ұйым жұмылдырылады. Олар: Айыртау ауданы бойынша – «Қызылжар жолдары КЗ» ЖШС, Ақжар ауданы бойынша – «Көкшетау Жолдары» ЖШС, Қызылжар ауданы бойынша – «QazTechProject» ЖШС, аудан бойынша. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданында – «Жасыл Есіл» ЖШС, Тимирязев ауданы бойынша – «ТехСтрой – Темір» ЖШС, Жамбыл және Мамлют аудандары бойынша – «Инжиниринг МК» ЖШС, Аққайың, Есіл, Уәлиханов, Тайынша, М.Жұмабаев және Шал ақын аудандары бойынша – «Петропавл Жолдары» ЖШС. Жолдарды ашып, тазартуға барлығы 108 техника дайын тұр, жұмысқа 131 адам және 11 жол-пайдалану пункттері тартылады.

СҚО-ның қысқа арналған техникалары
Фото: СҚО әкімдігі

«Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында шамамен 40 мың м2 аумақта шұңқыр тегістелді. 120 жол белгісі ауыстырылды, 350-ге жуық жаңадан жол белгісі орнатылды. Сондай-ақ, автожолдарды қысқы кезеңге дайындау үшін 20 қазаннан бастап жол шетіндегі шөп-бұталар жұлынып, су өткізгіш құбырларды жабу және көктайғаққа қарсы материалдар мен реагенттерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 15 желтоқсанына дейін 2025-2026 жылдарға арналған автомобиль жолдарын күтіп ұстауға конкурстық рәсімдерді аяқтау және шарттар жасау жоспарланған. 10 ауданда осы жылдың соңына дейін қысқы күтіп ұстауға арналған шарттар бар, 16 мердігер ұйым жұмылдырылған, 111 қар тазалау техникасы дайын. 3 ауданда конкурстық рәсімдер осы жылдың 1 қарашасына дейін өтеді», - дейді басқарма басшысы Ерден Шортыбаев.

СҚО-ның қысқа арналған техникалары
Фото: СҚО әкімдігі

Жергілікті маңызы бар жолдарда боранда қар алатын 266 учаске бар, оның ұзындығы 863 км. Олардың ішінде қар алатын аса қауіпті «Ершовка-Арықбалық-Чистополье», «Саумалкөл-Новоишимское-Червонное», «Благовещенка-Қайранкөл», «Покровка-Корнеевка-Горное» бағыттары бар.

СҚО-ның қысқа арналған техникалары
Фото: СҚО әкімдігі

«Аяз-боранда жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларды қабылдайтын 213 жылыту пункті жұмыс істейтін болады. Олар қолданыстағы автостанциялар мен жол ұйымдарының әкімшілік ғимараттарында және оқу орындары мен жергілікті әкімшілік ғимараттарда орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін СҚО әкімдігі жауапты қызметтермен келісім бойынша «Қысқы кезеңде облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелерінде жол қозғалысын шектеу кезіндегі өзара іс-қимыл жөніндегі жол картасын» бекітті. Жол картасына сәйкес қалың қар жауған кезде әкімдік төтенше жағдайлар департаментімен және полиция департаментімен келісім бойынша автожол учаскелерінде қозғалысты шектеу немесе жабу туралы шешім қабылдайды. Мәселен 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жергілікті маңызы бар автожолдар желісі бойынша көлік құралдары үшін 35 шектеу енгізілді», - дейді Ерден Шортыбаев.

СҚО-ның қысқа арналған техникалары
Фото: СҚО әкімдігі

СҚО-да алғашқы қар түскенімен, еріп кетті. https://kaz.inform.kz/news/sko-da-kar-zhauip-boran-sogip-tur-e84f3d/ «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы 31 қазанға ескерту жариялады, ертең тұман түсіп, көктайғақ болмақ.

СҚО жолдары
Фото: СҚО әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар