Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Скрининг кезінде обырдың алғашқы сатысын анықтау мүмкіндігі жоғары – онколог

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін скринингпен халықтың 70-80 пайызы қамтылып жатыр. Мамандар ауруды бастапқы кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттырып, науқастың толық жазылып кету мүмкіндігін жоғарылататынын айтады.

Бақтыбай Оразбеков
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы Көпсалалы медициналық орталық директорының орынбасары, онколог Бақтыбай Оразбеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.Live» бағдарламасында айтты.

Маманның сөзінше, онкологиялық аурудың төрт сатысы бар. Скринингтің негізгі мақсаты – қатерлі ісікті алғашқы және екінші кезеңінде анықтау. Себебі осы кезеңдерде анықталған ауруды емдеу мүмкіндігі жоғары әрі ем жүргізу де тиімді.

– Өткен жылмен салыстырғанда аса қатты айырмашылық жоқ. Бірақ биыл скринингпен 70-80 пайыз қамтып жатырмыз, яғни былтырғы жылға қарағанда көбірек қамтыдық. Бірінші, екінші сатысы скрининг кезінде көп анықталады. Скрининг уақытында бірінші, екінші сатысында анықталған аурулардың жазылып кету мүмкіндігі өте көп, – деді Бақтыбай Оразбеков.

Қазақстанда нысаналы топтар арасында сүт безі, жатыр мойны және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған үш түрлі онкологиялық скрининг тегін жүргізіледі.

Онкологтың айтуынша, бұған дейін скринингтің жеті түрі өткізілген. Алайда олардың тиімділігі салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, қазіргі таңда ең нәтижелі бағыттарға басымдық беріліп отыр.

Маман әсіресе сүт безі обырын ерте анықтауда оң өзгеріс бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын науқастардың едәуір бөлігі аурудың үшінші-төртінші сатысында анықталса, қазір алғашқы кезеңдерде анықтау көрсеткіші айтарлықтай артқан.

– Сүт безі обырын мысалы, мен жұмыс істей бастаған кезде 50 пайызы үшінші, төртінші сатысында анықталатын болса, қазіргі кезде бастапқы сатысында 80 пайызын анықтап жатырмыз. Бұл – скринингтің тиімділігін көрсетеді, – деді онколог.

Қазір жатыр мойны обыры бойынша 30-74 жас аралығындағы, сүт безі обыры бойынша 30-76 жас аралығындағы, ал колоректалдық обыр бойынша 50-76 жас аралығындағы азаматтар скринингтен өте алады.

Алайда маман тұрғындардың барлығы бірдей шақырту алған кезде тексерілуге бірден келмейтінін айтты. Кей жағдайда азаматтар тексеру кезінде қатерлі ісік анықталып қала ма деген қорқынышпен медицина мекемесіне баруды кейінге қалдырады. Соның салдарынан ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін уақыт жоғалуы мүмкін.

Скрининг барысында ауру жұқтыруы мүмкін деп күдік келтірілген азаматтар үшін медициналық ұйымдарда «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қажетті тексерулер ұйымдастырылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелері тиісті зерттеулер жүргізіп, қажет болған жағдайда пациентті бейінді мамандарға жібереді.

Онколог халық арасында скрининг туралы ақпаратты көбейту қажет деп санайды. Оның айтуынша, азамат медициналық тексерудің маңызын неғұрлым жақсы түсінсе, ауруды ерте анықтауға деген жауапкершілігі де артады.

– Насихаттау үшін ақпаратты көбірек беру керек. Халық ақпарат білген сайын сауатты болады. Бір рет көрсе, мейірбикелер қуалап жүреді. Үкіметтің жоспары бойынша скринингтен өтуі керек адамдар бар. Бірақ ең бастысы, халықтың өзі мұны әдетке айналдыруы керек, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, тегін онкологиялық скринингте 1837 обыр жағдайы расталғанын жазған едік.