Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Скринингтен өту: қазақстандық жұмыскерлер нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жұмыскерлер скринингтік зерттеулерден өту үшін ақы төленетін әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Осыған байланысты еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер мен жұмыс берушілердің міндеттері туралы Астана қаласы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов мәлімдеді.

Скринингтен өту: қазақстандық жұмыскерлер нені білуі керек
Фото: Freepik

Оның айтуынша, мемлекет азаматтардың профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтік зерттеулерден уақытылы өтуіне қатысты бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Оған қоса ол Еңбек кодексінде скринингтік зерттеулерден өтетін жұмыскерлер үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер көзделгенін еске салды.

— Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге денсаулық сақтау саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен скринингтік зерттеулерден өту үшін жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталатын демалыс беруге міндетті, — деді спикер Астана коммуникациялар қызметі алыңында.

Сонымен қатар Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс әлеуметтік демалыс санатына жатады және жұмыскерге күнтізбелік жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге беріледі.

Мұрат Шәкеновтің мәліметінше, осы демалыс кезеңі еңбек өтіліне толық есептеледі, ал демалыс жұмыс берушінің тиісті актісімен рәсімделеді. Скринингтік зерттеулер тиісті нысаналы топтарға кіретін азаматтар үшін тегін жүргізіледі.

— Жұмыс берушілер жұмыскерлердің мұндай тексерулерден өтуіне қажетті жағдай жасап, оларды скринингтен өту кезеңінде орташа жалақысын сақтай отырып жұмыстан кедергісіз босатуға міндетті, — деп атап өтті ол.

Спикердің айтуынша, іс жүзінде кейбір жұмыс беруші қызметкеріне мұндай демалысты беруден бас тартып, тексеруден тек демалыс күндері өтуді талап етеді немесе жалақысы сақталмайтын демалыс рәсімдеуді ұсынады.

— Мұндай әрекеттер еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келеді және қызметкердің заңмен кепілдендірілген құқықтарын бұзады, — деді Мұрат Шәкенов.

Ведомство өкілі жұмыс берушілерге жұмыскерлерді скринингтік зерттеулерден өтуге арналған әлеуметтік демалыс алу құқығы туралы дер кезінде хабардар етуді, оны рәсімдеудің ішкі тәртібін бекітуді, қажетті құжаттаманы уақтылы жүргізуді және мұндай демалысты беруден негізсіз бас тартуға жол бермеуді ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы скрининг реформасы кімді және қалай құтқаратынын жазғанбыз.