Скроллинг дәуірі: ақпарат тұтыну мәдениеті қалай өзгеріп жатыр?

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде желі алгоритмдері назарды өзіне байлап, уақыттың қалай өткенін сездірмейтін жаңа цифрлық әдет қалыптастырды. Сарапшылар үздіксіз скроллингтің ми қызметіне ықпалын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Тақырыпты Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

ақпарат тұтыну
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Brain rot цифрлық дәуірдің жаңа синдромы ма?

TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сияқты платформалар ақпарат тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертті. Олар көңіл көтеріп қана қоймай, жаңа білім алуға, қоғамдық пікір мен саяси үрдістерге әсер етуге ықпал етеді. Дегенмен мамандар бұл өзгерістің екінші жағына назар аударады.

Ғалымдардың түсіндіруінше, әрбір қызықты қысқа видео мида дофаминнің бөлінуін күшейтеді. Бұл – қуаныш пен ләззат сезіміне жауап беретін химиялық процесс. Соның нәтижесінде адам келесі контентті көруге ұмтылып, лентаны қайта-қайта жаңартып, шексіз скроллингке түседі.

Құбылыстың кең тарағаны соншалық, 2024 жылы Оксфорд сөздігі «Brain rot» («мидың шіруі») тіркесін жылдың сөзі деп таныған. Алайда бұл ұғым мидың физикалық тұрғыда зақымдануын емес, цифрлық контентті шамадан тыс тұтыну салдарынан ойлау қабілетінің әлсіреуін сипаттайды.

Ограничения на использование социальных сетей и смартфонов для детей будет введено в Турции
Фото: freepik.com

Зерттеулер де бұл үрдіске назар аудартады. «Цифрлық амнезияға» қатысты ғылыми еңбектердің бірінде қысқа форматтағы бейнесабақтарды көрген студенттердің ақпараттың шамамен 40 пайызын ғана есте сақтағаны анықталса, ұзақ әрі терең түсіндірілетін видеоларды көргендер 65 пайызға дейін меңгерген. Бұл қысқа контенттің ақпаратты тез қабылдатқанымен, ұзақ мерзімді есте сақтауға әрдайым тиімді еместігін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – ақпаратты ой сүзгісінен өткізбей тұтынуда. Осы құбылысты сипаттау үшін бүгінде «клиптік ойлау» ұғымы жиі қолданылады.

ҚазҰУ-дың PhD докторанты, психолог Қазбек Ахметовтің айтуынша, қазіргі жастар ақпаратты тұтас оқиға ретінде емес, фрагмент арқылы қабылдауға бейім.

– Қысқа видеолар – 30 секундтық би, 15 секундтық әзіл, 10 секундтық рецепт – адамның ақпаратты тұтас емес, үзік-үзік қабылдауына әкеледі. Адамнан «не көрдің?» деп сұрағанда, ол нақты оқиғаны емес, тек естеліктерді айтады. Бұл құбылыс кейде сот залындағы куәгерлердің жадымен салыстырылады. Олардың есінде «қызыл күртеше», «қатты дыбыс», «бұлыңғыр бейне» сияқты бөлшектер ғана қалады, – дейді ол.

Қазбек Ахметов
Фото: Қазбек Ахметовтің жеке мұрағатынан

Осылайша, бастапқыда поп-мәдениеттен шыққан «клиптік ойлау» ұғымы бүгінде психология мен білім беру саласында кеңінен қолданыла бастады.

Балалар мен гаджет: тыйым ба, тәрбие ме?

Кейбір пікірлер бойынша, «клиптік ойлау» уақыт өте келе Альцгеймер ауруына алып келеді деген түсінік бар. Алайда сарапшылар мұндай тұжырымның ғылыми негізі жоқ екенін айтады.

– Ғалымдар қысқа видеолардың нейрондарды бұзатынына дәлел таппаған. Альцгеймер – генетика, жас және биохимиялық процестермен байланысты күрделі нейродегенеративті ауру. Бірақ алаңдауға себеп жоқ деген сөз емес. Негізгі қауіп жанама факторларда. Ол – созылмалы стресс пен ұйқының бұзылуы. Осындай жағдайлар мидың когнитивтік ресурсын әлсіретеді. Яғни мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, сол ортада қалыптасатын өмір салтында, – дейді Қазбек Ахметов.

новости, смартфон, телефон
Фото: freepik.com

Психологтың айтуынша, қысқа контенттің ең үлкен әсері әлеуметтік деңгейде байқалады. Ақпаратты үстірт қабылдау әдеті әсіресе балаларға қатты ықпал етеді. Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, қазір балалардың шамамен 90 пайызында гаджетке тәуелділіктің белгілері байқалады.

– Ми көп ақпаратты өңдеп үлгермейді, ақпараттық шудың ішінде дұрыс бағыт табу да қиын. Ал балалар туғаннан бастап осы ағынның ішінде өсіп келеді. Сондықтан үш жасқа дейінгі балаларға мультфильм мен қысқа видеолар көрсетуге болмайды. Олар сюжетті емес, тек жылдам ауысатын кадрларды қабылдайды, – дейді маман.

Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде де талқыланып жүр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Ұлттық құрылтайда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізу мәселесін көтерді. Оның пікірінше, бұл бағыттағы шешімдер жан-жақты зерттеуге негізделуі тиіс.

Сергей Пономарев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

– Халықаралық тәжірибеге назар аудару қажет. Кей елдерде 14 жасқа дейін шектеу қойылса, кейбірінде 16 жасқа дейін жетеді. Бұл – тыйым емес, керісінше саналы тұлға қалыптастыруға бағытталған қадам, – деді депутат.

Дегенмен мамандар мәселені тек шектеумен шешу жеткіліксіз екенін айтады.

– Балаға тыйым салудан гөрі түсіндіру маңызды. Ол өзіне қажет ақпаратты сырттан емес, ең алдымен ата-анасынан алуы тиіс, – дейді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахманшеев.

Сапар Рахменшеев.
Фото: SELECT GROUP

 

Скроллинг дәуірі мен кітап мәдениеті

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әйгерім Абдрашитова әлемде кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеп бара жатқанын айтады. Ал бұл үрдіс дәл осы цифрлық контентті үздіксіз тұтыну мәдениетінің күшеюімен байланысты.

Сарапшының айтуынша, мұны халықаралық деректер растайды. Мәселен, Ұлыбританиядағы National Literacy Trust ұйымының мәліметі бойынша, 8–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің тек 32,7%-ы ғана бос уақытында кітап оқуды ұнататынын айтқан. Ал күн сайын кітап оқитындардың үлесі 18,7%-ды құрап, соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен. Еліміздегі жағдай да осы тенденциядан алшақ емес.

– Қазақстандық қоғамдық даму институтының деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 51,2%-ы соңғы бір жылда бірде-бір кітап оқымаған. Ал 29%-ы 1–3 кітап қана оқыған. Тек 19,2%-ы ғана жылына 4 және одан да көп кітап оқитынын көрсеткен, – деді спикер.

Әйгерім Абдрашитова
Фото: Әйгерім Абдрашитованың жеке мұрағатынан

Дегенмен кітап оқу мәдениетінде трансформация бар. Яғни оқу мәдениеті жаңа цифрлық форматтарға бейімделіп келеді.

Мәселен, соңғы жылдары әлеуметтік желі мен цифрлық кеңістікте кітап төңірегінде жаңа оқырман қауымдастықтары қалыптасты. Кітап клубтары, оқырман кездесулері, Telegram арналары мен блогтар оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Сарапшының пікірінше, бүгінде кітаптар талқыланады, кейіпкерлерге талдау жасалады, жаңа авторлар таныстырылады. Сонымен қатар фан-әдебиет те жеке мәдени құбылысқа айналып отыр.

Проект «12 книг за 12 месяцев» стартует в казахстанских школах «Келешек мектептері»
Фото: gov.kz

Бұл өзгерістер халықаралық зерттеулермен расталған. HarperCollins деректеріне сәйкес, әлеуметтік желілер жасөспірімдердің кітаппен танысуына айтарлықтай ықпал етіп отыр.

– Мәселен, 14–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің ішінде BookTok арқылы кітап туралы білетіндердің үлесі 2024 жылғы 23%-дан 2025 жылы 27%-ға дейін өскен. Ал YouTube арқылы кітап туралы ақпарат алатын жастардың үлесі 25%-дан 30%-ға жеткен. Бүгінде оқу тек жеке әдет емес, белгілі бір қауымдастыққа қатыстылық формасына айналып отыр, – деді ол.

Скроллинг әдетінен шығудың бір жолы ретінде сарапшылар кітап оқуға қайта бет бұруды ұсынады.

– Ерте жастан кітап оқуға дағдылану маңызды. Цифрлық ортада өскен буын көп тапсырманы қатар орындай алады. Олар бір мезетте музыка тыңдап, сөйлесіп, әлеуметтік желі қолдана отырып, оқу мен басқа істерді қатар алып кете алады. Бұл – заманауи дағдылардың бір қыры. Тек тайм-менеджментке мән беру қажет, – дейді Әйгерім Абдрашитова.

Жалпы алғанда, кітап оқу да, ақпарат тұтыну мәдениеті де жоғалып жатқан жоқ. Олар тек цифрлық дәуірдің ықпалымен жаңа формаға бейімделіп келеді. Ендігі негізгі міндет – шексіз скроллинг пен саналы ақпарат тұтыну арасындағы тепе-теңдікті сақтай білу.