Ісікті емдеуден экспорт өнімдеріне дейін: Қазақстанда ядролық технологиялар қалай жұмыс істейді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда орналасқан Ядролық физика институты – Қазақстандағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық үдерісін жүзеге асыратын жалғыз ғылыми-зерттеу мекемесі. Мұнда маңызды зерттеулер жүргізіліп, экспортқа шығарылатын жоғары технологиялық өнімдер өндіріледі. «Kazinform» агенттігінің тілшілері Ядролық физика институтына барып, ондағы мамандардың жұмысымен танысып қайтты.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Институттың басты орталығы – 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ВВР-К сулы зерттеу реакторы. 2016 жылы ол МАГАТЭ-нің талабы бойынша төмен байытылған ядролық отынға ауыстырылған. Институттың бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, мұнда қауіпсіздік мәселесіне басты басымдық берілген. Бақылау үздіксіз жүргізіледі, ал МАГАТЭ инспекциясы кез келген уақытта тексеріс ұйымдастыра алады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бүгінгі таңда Ядролық физика институты іргелі ғылымды, заманауи технологияларды, өндірісті және халықаралық ынтымақтастықты тоғыстырып отыр.

- Біздің институтта әлемге танымал ғалымдар еңбек етіп қана қоймай, көптеген елдерде мойындалған технологиялар әзірленеді. Өнімдерімізді экспорттайтын мемлекеттердің санын арттырдық. МАГАТЭ-нің қолдауымен өнімдеріміз Франция, Германия, АҚШ, Ресей, Түркия және Қырғызстанға жеткізіліп жатыр, – деді Саябек Сахиев.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Медицинада маңызды препараттар

Институт жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі — қатерлі ісік ауруларын анықтау мен емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісі. Қазіргі уақытта Қазақстанда ядролық диагностика үшін қолданылатын препараттардың шамамен 85%-ы осы жерде шығарылады. Олар Алматы, Астана, Ақтау, Қызылорда, Шымкент қалаларына жеткізіледі, ал таяу арада бұл тізімге Қарағанды, келесі жылы Өскемен қалалары қосылады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Саябек Сахиевтің сөзінше, Қырғызстаннан да өтінім түскен, ал болашақта институт өз өнімдерін Пәкістанға да жеткізуі мүмкін. Бұл міндетті іске асыру үшін институт еліміздегі әуе тасымалдаушыларымен және медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатқан.

- 2024 жылдан бастап бізге әуе тасымалы бойынша Air Astana компаниясы көмектесіп келеді. Себебі радиофармпрепараттардың пайдалану уақыты өте қысқа. Мысалы, фтордың белсенділігі әр 109 минут сайын екі есе төмендейді. Сондықтан препаратты өндіру ғана емес, оны жылдам жеткізу де өте маңызды. Қалаларға жеткізудің барлық жолдарын жергілікті дәрігерлермен ғана емес, әуежайлармен де бірлесе отырып пысықтадық, тиісті қызметкерлерді оқытып-үйреттік, – деді Саябек Сахиев.

Сондай-ақ институт ауруды ерте анықтауға қажетті фтордезоксиглюкоза өндіру үшін тағы бір үдеткішті іске қосуды жоспарлап отыр.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Институт мамандары радиофармацевтика нарығында еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі ойыншылардың біріне айнала алатынына сенімді. Болашақта мұнда актиний-225 радиоизотопы негізінде фармпрепараттар шығару көзделіп отыр. Кейбір шетелдік компаниялар қазақстандық өнімге қазірдің өзінде қызығушылық танытқан.

Институттың бас директорының айтуынша, Жапонияның «Sumitomo» компаниясы аталған қосалқы өнімді бір кюри үшін 10-20 миллион доллар аралығында сатып алуға дайын екенін білдірген. Саябек Сахиев актиний-225 негізіндегі радиофармпрепараттар өндірісі отандық ғылымның дамуына ғана емес, ел экономикасына да елеулі үлес қосатынын атап өтті

Ауыл шаруашылығына арналған ядролық технологиялар

Болашағы зор жобалардың бірі – ағын суларды радиациялық өңдеу технологиясы. Бұл технология өндіріс пен ауыл шаруашылығына қажетті техникалық су алуға, ал келешекте тіпті ішуге болатын таза су шығаруға мүмкіндік бермек.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

- Бүкіл әлем ағын суларды әртүрлі мақсатта пайдаланып отырғанда, Қазақстан әлі күнге дейін оны толық көлемде қолданбай келеді. Біз ағын суларды өңдеп, ауыл шаруашылығы алқаптарында пайдалана аламыз. Бұл — қолданудың ең қарапайым деңгейі. Оларды техникалық суға айналдыруға болады, сонда қазақстандықтар көліктерін ауызсумен емес, техникалық сумен жуатын болады. Сондай-ақ Сингапурда секілді өзіндік құны жоғары болса да, одан ауызсу алуға мүмкіндігіміз бар. Бұл технологияны біз Қазақстанның кез келген қаласында жарты жылдан бір жарым жылға дейінгі мерзімде орнатып беруге дайынбыз, – деп түсіндірді ол.

Тағы бір бағыт ауыл шаруашылығы саласымен байланысты. Рациялық технологиялар жиналған өнімді өңдеуге мүмкіндік береді, бұл оның сақталу мерзімін едәуір ұзартып, ысырапты азайтады. Сонымен қатар тұқымды себу алдында өңдеу әдістері де бар, олар өнімділікті арттырып, дәннің өніп шығуын тездетеді.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Радиациялық фонды бақылау

Одан бөлек институт радиоэкологиялық бақылау жүргізеді. Кешенді экологиялық зерттеулер орталығы – Ядролық физика институтының құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Ол радиациялық экология мен жалпы ел экономикасы үшін талдаудың ядролық-физикалық әдістерін әзірлеумен, енгізумен және қолданумен айналысады.

- Қазақстан – өзінің ядролық қарусыз ел ретіндегі мәртебесін күрделі ядролық тарихымен ұштастырып отырған бірегей мемлекет. Ел аумағында радиациялық бақылауды, тексеруді және зерттеуді жауапкершілікпен жүргізуді талап ететін ядролық мұра нысандары мен уран кеніштері орналасқан. Қазақстан уран өндіруден әлемде көш бастап тұр, сонымен бірге атом энергетикасын дамыту жолына түсті. Атом энергетикасын жауапкершілікпен дамыту үшін қоршаған ортаның сапасын, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін бағалаудың талдамалық және экологиялық тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл – біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі, – деп түсіндірді орталық бастығы Мария Севериненко.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қазіргі уақытта орталық радиоэкологиялық зерттеулердің барлық кешенін орындауға қауқарлы. Оған зерттеу бағдарламаларын әзірлеуден бастап қоршаған орта нысандарынан сынамалар алу жөніндегі экспедициялық жұмыстар, кейінгі зертханалық талдаулар, қоршаған ортаға әсерді бағалау, деректерді статистикалық өңдеу, ұсынымдар дайындау, сауықтыру шараларын жүргізу және зерттеу нәтижелерін дерекқорларда жұмыстары кіреді.

Зертханалардың бірінде қоршаған орта нысандарының: топырақтың, судың, өсімдіктердің және бионысандардың радионуклидтік және элементтік құрамы анықталады. Зертхана Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы «Азғыр» сынақ полигоны, «Лира» нысандары сияқты жерлерді бақылауға қатысады, сондай-ақ Қазақстанның трансшекаралық өзендерінің сапасына бірлескен мониторинг жүргізеді.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Қазақстанда Семей полигонының кейбір аумақтарын қоспағанда, радиациялық ластану деңгейі жоғары нысандар қалған жоқ деп толық жауапкершілікпен айта аламыз. Біз зерттеу жүргізетін нысандарда бірқатар құнарландыру шараларының арқасында радиоэкологиялық жағдай қалыпқа келді, — деп атап өтті ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Атом саласына кадрлар даярлау

Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданғаннан кейін мамандар даярлау мәселесі басты назарға шықты. Атом электр станциясы үшін кадрлардың үш деңгейі қажет: жоғары кәсіби білімі бар мамандар, техникалық білімі бар мамандар және құрылысшылар, дәнекерлеушілер сияқты жұмысшы мамандықтарының иелері.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ядролық физика институтында саланың болашақ кадрларын даярлау үшін қажетті инфрақұрылым мен тәжірибе бар. Бұл жерде 2000, 2003 және 2017 жылдардан бастап МАГАТЭ-нің қолдауымен ашылған үш оқу орталығы жұмыс істеп тұр. Осы жылдар ішінде бұл орталықтар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен 5 мыңнан астам маман даярлап шығарды. Сонымен қатар жас қызметкерлердің де қатары үнемі артып келеді: бүгінде ұжымның шамамен үштен бірін 35 жасқа дейінгі мамандар құрайды.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке қанша қаражат жұмсалатынын жазғанбыз.