Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Словакия Қазақстанның әлеуметтік қолдаудың цифрлық моделін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Роберт Доброводскиймен кездесті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Словакия Қазақстанның әлеуметтік қолдаудың цифрлық моделін жоғары бағалады
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Кездесу барысында адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері және екі елдің ұлттық құқық қорғау институттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Ж.Сағынова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы ақпарат берді. Бұл реформалар демократиялық институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны аталып өтті.

Сонымен қатар биыл 15 наурызда Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған еліміздің жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Ата заңның әзірленуіне азаматтардың кеңінен қатысқаны оның жалпыұлттық мәнге ие болуына негіз болғанына тоқтала келе, басты басымдықтардың бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейту негіз болғаны мәлімделді.

Елші словак тарапын Қазақстанда әлеуметтік саланы жаңғырту бағытымен, оның ішінде Әлеуметтік кодекстің қабылдануы, әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі және қызметтерді проактивті түрде ұсынуға негізделген жаңа моделімен таныстырды.

Р.Доброводский жүзеге асырылудағы әлеуметтік қолдаудың цифрлық платформасына ерекше қызығушылық танытты. Омбудсмен бастамалардың практикалық маңызын жоғары бағалап, әсіресе Отбасының цифрлық картасы жобасы Словакияда зерделеуге және оны қолданысқа енгізу мүмкіндігін қарастыруға лайық тәжірибе екенін атап өтті.

-Тараптар Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметіне, оның конституциялық мәртебесінің бекітілуі, өкілеттіктерінің кеңейтілуі және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының нығаюы жөнінде пікір алмасты,-делінген хабарламада.

Осыған деййін Словакия Қазақстанның орман шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыратыны туралы жаздық.