Словакияда тарихындағы оныншы референдум өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Словакияда ел тарихындағы оныншы референдум өтіп жатыр, деп хабарлайды Еuronews.
Дауыс беруге екі мәселе шығарылды. Біріншісі — бұрынғы премьер-министрлер мен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға өмір бойы төленетін төлемдерді алып тастау, екіншісі — бірнеше жыл бұрын таратылған Арнайы прокуратураны қайта құру.
Референдумды парламенттен тыс «Демократтар» партиясы бастамашы болды.
Бастапқыда дауыс беруге қазіргі сайлау циклін қысқарту туралы үшінші мәселе де шығарылуы тиіс еді. Алайда Президент Петер Пеллегрини бұл ұсынысты Конституцияға қайшы деп танып, бюллетеньнен алып тастады.
Бұған дейін Словакияда тоғыз референдум өткен. Соңғысы 2023 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесіне арналды. Осы уақытқа дейін тек 2003 жылғы 2003 жылғы Словакияның Еуропалық одаққа кіруі жөніндегі референдум ғана жарамды деп танылған.
Онда азаматтар елдің Еуропалық одақ құрамына кіруін қолдаған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жолы да референдумның жарамды болуы екіталай. Ол үшін кемінде 2,2 миллион сайлаушы, яғни дауыс беру құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысуы қажет.
Словакияның Статистика басқармасының мәліметінше, елде 4,3 миллионнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар. Оның ішінде 112 мың адам алғаш рет 5 542 сайлау учаскесінің бірінде дауыс береді.
Бейресми қорытындылар бүгін түнде жарияланады деп күтілсе, ресми нәтижелер 5 шілдеде белгілі болады.