Словения Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанаға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Jibek Joly телеарнасына берген эксклюзивті пікірінде екі ел арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған негізгі салаларды атады.

− Президент Тоқаевпен нәтижелі келіссөздер жүргіздім және біз экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару қажеттігі жөнінде уағдаластық. Мүмкіндік өте көп. Жасанды интеллект біз дамыту қажет салалардың бірі деп санаймыз. Туризм де – сондай маңызды бағыттардың бірі. Оған қоса, су ресурстарын басқару мәселесі бар. Бұл салада Словенияның тәжірибесі мол. Сосын, әрине, «жасыл» күн тәртібі бар. Словения − өте тұрақты ел. Біз циркулярлық экономика бойынша әлемдегі жетекші елдердің біріміз. Бұл бағытта Қазақстанмен тәжірибе алмасуға дайынбыз, − деді Наташа Пирц-Мусар.
Словения Президенті тұрақты бизнес-ортаның экономикалық өсім үшін негізгі фактор екенін атап өтті.
− Бұл болжамды салық саясатын білдіреді және бұл Қазақстанға да, Словенияға да қатысты. Егер саяси ынтымақтастық арқылы көптеген келісімге қол қоя алсақ, бұл бизнесті дамытуға мықты негіз қалыптастырады. Біз дәл осы мәселемен айналысуымыз керек және бүгін Астанада осы мақсатқа жеттік, − деді Наташа Пирц-Мусар.
Сондай-ақ, спикер Астанаға сапарында үш ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын, тағы екеуінің дайындық сатысында екенін хабарлады.
− Біз жаңа мүмкіндіктерді ашып келеміз және қазір 100 миллион еуродан сәл асатын екіжақты сауда айналымын арттыруға үлкен әлеует бар екеніне сенімдімін, − деп атап өтті Словения Президенті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан-Словения арасында қандай құжаттарға қол қойылғанын хабарлаған едік.