СІМ футболдан Әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР СІМ футболдан Әлем чемпионатының матчтарына баратын қазақстандықтарға турнирді қабылдайтын елдердің көші-қон заңдары мен визалық талаптарын сақтауды ескертті.
Белгілі болғандай, 2026 жылғы 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ-та, Канадада және Мексикада футболдан әлем чемпионаты өтеді.
Бұл шараға көптеген шетелдік жанкүйерлер, оның ішінде Қазақстан азаматтары да қатысады.
Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі чемпионат матчтарына және өзге де іс-шараларға баруды жоспарлаған азаматтарға жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып, күшейтілген сақтық шараларын сақтауды ұсынады.
— Өздеріңізбен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін үнемі алып жүру, жергілікті құқық қорғау органдары мен іс-шара ұйымдастырушыларының талаптарын қатаң сақтау, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлау және тек ресми көлік қызметтерін пайдалану ұсынылады, — деді ҚР СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев Астанада өткен апталық брифингте.
Сондай-ақ бейресми жаппай жиындар мен чемпионаттың ресми аймақтарынан тыс адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуға, жеке заттар мен құжаттарды қараусыз қалдырмауға, қоғамдық орындарда сақ болуға және жергілікті билік, турнир ұйымдастырушылары мен төтенше қызметтердің хабарламаларын мұқият қадағалауға кеңес берілді.
— Тиісті елдерде болу және транзиттік өту ережелерін, визалық талаптарды қатаң сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Төтенше жағдай туындаса, дереу жергілікті жедел қызметтерге хабарласып, Қазақстан Республикасының дипломатиялық және консулдық мекемелерімен байланыста болу қажет, — деді ресми өкіл.
Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелер жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстап, өз құзыреті шегінде азаматтарға қажетті консулдық көмек көрсетуді жалғастырады.
Еске сала кетсек, Чемпиондар лигасы финалында Пари Сен-Жермен клубы Лондонның Arsenal FC командасын жеңгеннен кейін Францияның бірнеше қаласында тәртіпсіздік болды. Футбол жанкүйерлері мен полиция арасындағы қақтығыстар салдарынан 400-ден астам адам ұсталды.