СІМ Таиландта қазақстандық рэпердің жоғалуына қатысты жағдайға пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — «Кисло-Сладкий» лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Дархан Жұмабек Таиландта іздестіріліп жатыр.
Музыканттың жоғалып кеткені туралы бұған дейін қазақстандық режиссер Парасат Ибраев хабарлаған болатын. Оның айтуынша, өнерпаз Таиландқа барғаннан кейін байланысқа шықпай қалған.
Режиссердің мәліметінше, рэпер таңертең Пхукеттен Бангкокқа ұшуы тиіс болған, алайда онымен байланысу мүмкін болмаған.
— Барлық телефоны өшірулі. Кеше соңғы рет сөйлескен кезде қасында бір жігіт болған. Оның айтуынша, Дархан Малайзияға кетіп қалуы мүмкін, — деді Ибраев.
Сондай-ақ режиссер көші-қон полициясына жүгініп, музыканттың сырт бейнесі сипатталған іздеу парағын жасағанын айтты. Бұған қоса, ол рэпер жоғалып кетер алдында жіберген бейнежазбаны жариялады.
Дархан Жұмабектің жоғалғаны туралы әлеуметтік желі қолданушылары да жазып жатыр. Тараған ақпаратқа сәйкес, оны соңғы рет Паттая қаласында көргендер бар.
Kazinform тілшісі жағдайға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады.
— Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Таиландта Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпарат белгілі. Біздің дипломаттар жергілікті құқық қорғау органдарымен және Таиландтың құзыретті қызметтерімен тұрақты байланыста. Қажетті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Мәселе министрліктің бақылауында, — деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық азаматтың қаза тапқанын растағанын жазғанбыз.