Smart Data Ukimet Қазақстандағы барлық отбасының әл-ауқатын көрсетеді – Бағдат Мусин
«EHealth денсаулық сақтаудың жаңа электронды архитектурасына көшу бойынша жұмыстар басталды. Азаматтар үшін бұл ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал дәрігерге, пациент жөніндегі толық ақпаратты қолжетімді етеді. Басты міндет – Денсаулық сақтау министрлігіне бағынысты ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру», - деді Б. Мусин Үкімет үйінде өткен отырыста.
Оның айтуынша, осы саладағы барлық ақпараттық жүйелерді Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығына» біріктіріп, Цифрлық даму министрлігіне бағынысты ету ұсынылады. Министрлік осы жобаны техникалық жүзеге асыруды өз міндетіне алып, 2022 жылы 8 модуль, ал 2023 жылы 4 модульды қосатын болады.
Сонымен бірге, министр Отбасы цифрлық картасын енгізу жөнінде айтып берді.
«Әр түрлі мемлекеттік органдардың 20 дерекқорынан тұратын Smart Data Ukimet платформасында Қазақстандағы барлық отбасының әл-ауқаты туралы толық ақпаратты күн сайын жаңартып отырамыз. Қазір 80 көрсеткіш негізінде отбасының нақты портреті мен тәуекелдерді анықтау мүмкіндігі бар. Мемлекеттің азаматтарға көмектесу қажеттілігін алдын ала анықтап, проактивті түрде қызмет көрсетіледі. Жоба осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Бірақ бұл жоба министрлікпен шектеліп қана қоймай, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуын талап етеді, олармен интеграция жасаймыз», - дейді министр.
Одан бөлек, «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы бала туғанда берілетін жәрдемақы мен бала 1 жасқа толғанға дейін мемлекеттік төлем бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету қызметінің пилоттық жобасы дайындалуда.
«Бұл шешім халықты қолдау шараларын цифрлық ваучер механизмі негізінде толық есепке алуға арналған платформа болып саналады. Барлық мемлекеттік қолдау шаралары осы әмиянда қолжетімді. Бұл жоба да жылдың соңына дейін іске қосылады», - деді Цифрлық даму министрі.