Смарт-көзілдіріктер әлемді қалай өзгертпек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Қазір біз жарнаманың бет-бейнесі мүлде өзгерген дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Құдды бір виртуалды әлем пайда болып, ұялы телефон бізді сол жаһанмен байланыстырып тұрғандай. Жаңа технологиялар тағы қандай өзгерістер әкеліп жатқандығын сараптап көрдік.

Сиқырға толы сандық технология
Бұрында көшедегі жарнамалар қарапайым еді: билбордтар, баннерлер, LED экрандар. Ал бүгінде әлеуметтік желілерде Бурдж-Халифаның тура қасындағы қораптан атып шыққан алып Барби қуыршағы немесе Биг-Беннің мамыққа оранған көлігі сынды видеолар желіде желдей есіп жүр.
Бірақ бұл жарнамадағы көріністер өмірде жоқ. Виртуалды жарнама — әлеуметтік желілер үшін арнайы жасалған күрделі компьютерлік графика. Компаниялар миллиондаған қаралым жинайтын вирустық видеоларды шығару арқылы өз өнімдерін жарнамалайды.
Бұл тек маркетингтік айла ғана емес. Ол жаһандық тенденцияны көрсетеді: шынайы өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекара жойылып барады.
Экрандағы өзгеше өмір
Осы уақытқа дейін виртуалды әлем тек ойындармен байланысты болды. Бүгінде ол білім саласында, инженерияда және тіпті туризмде белсенді түрде қолданылады. Виртуалды симуляторлар болашақ хирургтарға «цифрлық» пациенттерге өз дағдыларын жетілдіруге көмектеседі, ал ұшқыштар үйден шықпай-ақ тәжірибе жинақтайды.

Осыншама прогреске қарамастан виртуалды әлемді жаппай іске қосу әлі де жабдықтардың рабайсыздығынан ақсаңдап тұр. Сондықтан технологиялық алпауыттар жеңілдікке, стильге және тасымалдаудың ыңғайлығына баса назар аударады. Олардың мақсаты — күнделікті киюге болатын ыңғайлы смарт көзілдірік жасау.

Meta-ның Ray-Ban компаниясымен бірлесе жасаған кеңейтілген әлем көзілдірігі үлкен жаңалық болды. Оның адамды толығымен цифрлық өмірге апаратын виртуалды әлемнен айырмашылығы — кейбір цифрлық элементтерді ғана қоршаған ортаға қосып, оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мұндай көзілдіріктің көмегімен смартфонды қалтаңыздан шығармай-ақ «көзбен» фото-видео түсіруге, музыка тыңдауға, қоңырауларға жауап беруге болады. Ал оған енгізілген онлайн аудармашы сізге шет тілін бірден түсінуге көмектеседі.
Samsung компаниясы Google-мен бірлесіп, өзінің смарт көзілдіріктерін шығаруға дайындалып жатыр. Олардың мүмкіндіктері де орасан: жасанды интеллект арқылы деректерді жылдам өңдеп, жанасусыз төлем жасап, ым мен бет-әлпетті тани алады.
Смарт-көзілдіріктер адам өміріне талай игі өзгеріс әкелейін деп тұр. Мысалы, енді халық қала ішінде бір дүкенді табу үшін телефонын шығармай-ақ көзілдірік арқылы жолды біле салады. Осынау технология кеңінен таралып кетсе, смартфондар өзектілігін жоғалтуы да мүмкін.

Әлемді түгел шарлауға мүмкіндік
Әуе компаниялары ұшуды ыңғайлы әрі қызықты ету үшін виртуалды әлем технологияларын енгізуде. Кәдуілгі фильмдер мен музыканың орнына жолаушылар виртуалды турға шығып, баратын жерін алдын ала біле алады.
Елестетіп көріңізші, сіз Лондонға ұшып бара жатырсыз және қазірдің өзінде Вестминстер көшелерімен серуендеп шыға аласыз.
Сандық технологиялар жаңа саяхаттарға да шабыттандырады. Мысалы, Уэльс билігі елдің көрікті бұрыштарына виртуалды тур жасады. Халық сол арқылы көне бекіністерді зерттеп, табиғаттың әлем жерлерін тамашалай алады және кельт аңыздары әлеміне енеді.
Спорт та енді бұрынғыдай болмайды
Виртуалды әлем спорттық жаттығуларға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Яғни, оны пайдалы ғана емес, қызықтырақ етеді.

Мысалы, Meta компаниясының «Ғажайып» атты фитнес ойыны пайдаланушыларды виртуалды жаттықтырушылармен жаттығуға, ырғақты музыканы таңдауға, медитация жасауға немесе йогамен айналысуға болатын 360 градустық цифрлық әлемге енгізеді.
Пайдаланушылар мұндай жаттығулардан кейін сезімнің де бөлек болатынын айтты. Зерттеулер виртуалды әлемдегі жаттығуларының жүгіру, жүзу немесе бокс сияқты дәстүрлі кардио жаттығулары сияқты тиімді екенін растап отыр.
Болашақ енді қандай болады?
Біз шынайы өмір мен виртуалдылы әлем арасындағы шекаралар қамысқа тиген өрттей жылдам жойылып бара жатқан жаңа дәуірдің табалдырығында тұрмыз. Бүгінде әлеуметтік желілер адамның қабылдауы мен мінез-құлқына әсер етуде. Ал физикалық және цифрлық әлемдер арасындағы бөгет толығымен жойылғанда не болады?

Британдық «Жасөспірімдік шақ» телехикаясы желідегі ортаның жасөспірімдер арасында шынайы өмірдегі қайғылы оқиғаларды тудыратынын көрсетіп, қоғамды дүр сілкіндірді. Әсердің күшті болғаны сонша, премьер-министр Кир Стармер оны өз балаларымен бірге тамашалады.
Эмоциялар экраннан шығып, әрекетке айналғанда, нағыз сын сағат туындайды. Смарт-көзілдірікті әзірлеушілер өмірді ыңғайлырақ ететіні рас. Бірақ соның салдарынан өтірік пен шындықты ажырата алмай қалып, «Матрицаға» түсіп кетпесімізге кім кепіл? Сұрақ көп болғанмен, әзірге жауап аз.