«Смартфон — TikTok-қа телміретін құрал емес»: Президент заманауи технологиямен кәсіпті дөңгелетуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Цифрландыру мен ЖИ Қазақстан азаматтарының тұрмысын жеңілдетіп, табыс табуға мүмкіндік беруі керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте тапсырма берді.
Журналист Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі ретінде атағанын еске салып, «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясындағы міндеттердің орындалуы және цифрлық технологиялардың азаматтардың күнделікті өміріне әсері туралы сұрақ қойды.
Өз кезегінде Президент Қазақстанның цифрлық мемлекет құрудың алғашқы кезеңінен өткенін атап өтті.
— 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды, — деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бергенін жеткізді.
— Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон — ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметтің отставкаға кететінін және құрамында бірқатар өзгеріс болатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарына үш талап қойды.