Сноуден Ресейге қымбатқа түсті - баспасөзге шолу
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Биылғы жаз Бурабай курортты аймағындағы хал-ахуалды кәдімгідей сынға салды. Әртүрлі жиындарда айтылып жүрген деректер бойынша, жазғы маусымда Ресейден ғана 150-200 мыңдай адам өз көліктерімен ресми және «жабайы» түрде демалысқа келеді екен. Әңгімені жол қатынасына, яғни Бурабайға жету мәселесіне бұрсақ, Көкшетау әуежайының маңыздылығы арта түседі. Мемлекеттік комиссия 30 нысаннан тұратын қайта құру құрылыстарын қабылдау жұмысына кірісіп кетті. Осы орайда, жұртшылық жаңа әуежайдың әлеуеті қандай болатынын да білгісі келеді. Бұл «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Көкшетау әуе компаниясы» АҚ президенті Узифолла Әжімолдаевқа қойылған сұрақ. Оған
У. Әжімолдаев былай деп жауап берген: «Үкімет қаулысымен Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2012-2013 жылдарға арналған жоспары бекітілген. Онда Көкшетау әуежайын арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету, ұшақтар мен қосалқы буындарға қызмет көрсету мәселесіне 600 миллион теңге бөлу қарастырылған. Қазір түбегейлі қайта құру жұмыстары аяқталды. Ұшу-қону алаңы шетелдік құрылғыларды орнатумен қатар, 2850 метрге ұзартылды. Сағатына 200 жолаушыны қабылдай алатын аэровокзал екі телескопиялық трап, лифт және эскалатормен жабдықталды. Мұнда жолаушыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалумен бірге, тіркеу, шекаралық және кедендік рәсімдеу орындары қарастырылған».
Сонымен қатар, әуе компаниясының президентінің айтуынша, қазірдің өзінде ұшақтар Алматы-Көкшетау-Алматы бағытында аптасына 4 рет ұшса, Көкшетау-Шымкент-Көкшетау рейсі 5 тамыздан бастап жұмасына екі рет қатынауда. Көкшетау-Өскемен бағыты бойынша авиатасымалдау бар. Ендігі жерде Ақтау, Атырау, Ақтөбе бағытында дербес рейстер ашылатын болады. «Танымал «ТрансАэро» компаниясы Мәскеу-Көкшетау бағытымен аптасына екі рейс жасауға рұқсат алды. Сондай-ақ, Қазақстанның туристік фирмаларымен бірге Ресей, Германия мен Беларусьтен чартерлік рейстер ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Алдағы кезде Германия, Түркия, Қытай бағытында әуе қатынастарын ашу ниетіндеміз», - дейді ол. Мақаланың толық нұсқасын «Әуежайдың әлеуеті қандай болмақ?» деген тақырыппен берілген.
«Осы жылғы мамыр айының соңында Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының конференц-залында геологиялық зерттеудің бағытын анықтап, тиімділігін арттыру мәселесіне арналған «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деген тақырыпта ғылыми семинар өтіп, арты республиканың барлық өңірінен 54 ұжымнан геология саласының 151 білікті мамандары қатысқан алқалы жиынға ұласып, шешімдер қабылданып, олар Елбасының атына, Премьер-Министрге жолданған еді. Амал не, барлығы кейінгі кезде геологиялық тұжырым жасау қабілетінен айырылған Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қайта оралып келген. Бұл жағдайда республиканың геология саласы дамып, жетілмек тұрсын, құрып бара жатқанға ұқсайды», - деп жазады «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Қазақстан Республикасының Өндірістік геологиялық ұжымдары ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Серікбай Хамза.
Оның айтуынша, бұл геологиялық қауымдастықтардың семинар-кеңесі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың сәуір айында «Геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру» жөніндегі тапсырмасына жауап ретінде өткізілген іс-шара еді.
«Екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде төраға (комитеттің - автор) бес рет ауысты. Тағайындалғандар геология ортасында белгісіз, геологиялық барлау, іздестіру істерінен хабары жоқ адамдар болғандықтан, бұрынғы қалыптасқан тәжірибелі, білікті 12 геолог маман басқа салаларға (тау-кен өндірісіне) орын ауыстырды. Жаңадан келгендер де геологиядан түсінігі жоқтар», - дейді мақала авторы.
54 ұжымнан 151 маман қатысқан семинар-кеңесте басты пайдалы қазбалардың минералды-шикізат базасын ұлғайту мәселелеріне арналған 26 автордың 12 баяндамасы тыңдалды. Негізгі өңірлердің жағдайы әңгіме болып, Жезқазған кенді ауданының келешегін қарауға арнайы жиын өткізуге шешім қабылданды.
«Семинар-кеңесте геологиялық қызмет пен ғылыми ізденістер арасында байланыстың нашарлығы да сөз болды. Олар шашырап төрт ведомствоның - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті), Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ (АҚ «Казгеология ҰГК») және Білім және ғылым министрлігі (Геология ғылымдар институты мен гидрогеология институты) құрамында болғандықтан геологиялық іздестірудің тиімділігі ойдағыдай болмай тұр», - дейді ол.
«Қазақстанның бірегей дараланған жер қыртысы құрылысы, оның геологиялық тарихының дамуы жөнінде жете білімі бар отандық геологтардың ғана қолынан келеді. Семинар-кеңес көрсеткендей, елімізде кадрлар күш қуаты әлі де жеткілікті. Тек олардың білімі мен күшін біріктіріп бағыттау дара мемлекеттік органның қолынан келеді деп ойлаймыз», - деп қорытындылайды өз ойын С. Хамза.
***
Қазақстан Туристік қауымдастығының дерегі бойынша, біздің азаматтарымыз жиі демалатын елдердің көшбасында Түркия тұрса, қалған орындарда Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Таиланд, Германия, Қырғызстан мен Үндістан жайғасқан. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Түркияда халал туризм дамып келеді» деген мақалада айтылады.
Басылымның жазуынша, туристік қауымдастық 2011 жылы Түркияда - 203 663 адам, 2012 жылы - 222 905 адам, 2013 жылдың тек қаңтар-наурыз аралығындағы туристік маусымға жатпайтын екі-үш айда 9 541 адамның демалып қайтқанын жеткізеді. Соңғы санақ жыл аяғында қорытылады. Жалпы, Түркияның ресми деректеріне сенсек, жыл сайын бұл елге 25 миллионға жуық азамат келіп демалады екен. Десе де, түрік үкіметі: «Алдағы жылдары ел аумағында 50 миллионға дейін шетелдік туристі қабылдауға әлеуетіміз жетеді» дегенді алға тартып жүр. Бұған инфрақұрылым дайын. Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Теңіз туризмі дейсіз бе, діни туризм дейсіз бе, медициналық туризм дейсіз бе, бәрін-бәрін осы елден табасыз.
«Түркия сияқты туристік кластері қарыштап, дамыған елдер бүгін халал индустриясына ақша құйса, оның ертең еселеп қайтарымы боларына сенімді. Адал іске Алла Тағала да береке береді екен. Әлемнің түкпір-түкпірінен түріктің адал асын ішіп, халал қонақ үйлерін көруге туристердің көптеп келуі де содан болар. Соңғы жылдары біздің еліміз де халал туризмге ден қоя бастады. Бұл тұрғыдан үлгі тұтатын елдер - Малайзия мен Түркия болмақ», деп түйіндейді басылым.
Сноуден АҚШ-тың құпия барлауы туралы тағы бір шындықтың бетін ашты. Бүкіл интернет қолданушылардың кез келген әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін Xkeyscore барлау жүйесі әлемнің 150 мемлекетіндегі 700 серверде орналасқан екен, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.
Басылымның мәліметінше, бейбітшілік пен демократияны насихаттауды басты мақсаты ретінде танытқан АҚШ бақылау жүргізудің өте жеңіл жолын тапқан көрінеді. Вашингтон әр елдегі елшіліктеріне барлау қызметін де тапсырыпты. Өйткені Сноуден жасаған картаға сүйенсек, Америка елшілігі жоқ елдерде ондай барлау серверлері орналаспаған. Мәселен, Иранда.
Сноуденді бірнеше рет беруді талап етіп, Ресейге сес көрсеткен АҚШ Путиннің бұл қылығына оң көз таныта қоймауы анық. Вашингтон алғашқы соққылар легін бастап та жіберді.
«Путин мектептегі бұзақының қылығын жасап отыр. Өз тәжірибеме сүйеніп, ондай бұзақыға дер кезінде қарсы соққы бермесе, есіріп кетеді дер едім» дейді АҚШ демократ-сенаторы Чарльз Шумер осыдан бірнеше күн бұрын CBS арнасына берген сұхбатында.
Вашингтон да, Еуропа да Шумердің тәжірибесіне сүйеніп отырғандай. Кремльге қатты өкпелеген Обама Путинмен кездесуден бас тартты. Оның бұл қылығын Джей Карни түсіндірді. «Екі ел арасындағы жағдайдың күрделі болуына байланысты екіжақты кездесуден түк те өнбейді» дейді Карни. Күрделі мәселе деп отырғаны - Сноуден. Біреулерге қаһарман, біреулерге сатқын боп көрінетін Эдвард Сноуден екі елдің байланысына нұқсан келтірмейді делінген болатын. Дегенмен, Конгресс тарапынан қысым көрген Обама сөзінен айнып қалды.Өз кезегінде, Мәскеу Вашингтонға «ренжіп қалғанын», бірақ күн тәртібінде тізіліп тұрған мәселелерді екіжақты қарастыруға қашанда дайын екенін мәлімдеді. «Мұндай әрекеті арқылы Вашингтон екі ел арасындағы мәселелерді шешуге дайын емес екендігін көрсетті» дейді Лавров. Обаманың кездесуден бас тартуына қатысты айтқан пікірінде. Ақыры, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров кездесетін боп шешілді. Жұма күні болатын кездесуде Ресей мен Америка ынтымақтастық мәселелері талқыланады деп күтілуде, дейді басылым. Мақала «Сноуден Ресейге қымбатқа түсті» деген тақырыппен беріліп отыр.
* * *
Әлем елдерінің былтырғы экологиялық рейтингі бойынша, экологиялық лас елдердің қатарында Қазақстан 132 елдің ішінде 129-орнында тұр... Яғни ең лас болып есептелетін бестіктің бел ортасындағы еліміздің соңына тек Өзбекстан, Түрікменстан мен Ирак ілесіпті. Он үш жылдан бері Қазақстан өте жағымсыз экологиялық бағыттағы он елдің қатарынан шықпай келеді. Ол аз болса, әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде біздің Алматымыз тоғызыншы орында тұр. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Қалалар неге тұншығады?» деген мақалада жазылған.
Басылымның мәліметінше, демалатын ауамыз да, ішетін суымыз да сын көтермейді. Елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен түрлі бағдарламалар қабылдануын қабылданып жатыр, экологтер мен санитарлар қолымыздан келгенінің бәрін жасап отырмыз деп алақан жаяды, бірақ бізді қоршаған ортаның жағдайы бәрібір алаңдатарлық. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері радиациялық сәуленің құшағында отырған Семей, мұнайдан лайланған Каспий, арнасы кепкен Арал, тамырының бүлкілі бәсеңдеген Балқаш, күкірттен, газдардан, тұздардан тұншыққан қалалар - соның дәлелі.
Қазақ халқы ұлттық тағамға өте бай. Ұлттық дастарқанымыздың ас мәзіріне ет, сүт, балық, ұн өнімдерінен жасалған тағамдар көптеп енеді. Ата-бабамыз осынау бай дастарқан мен табиғи құнарлы ұлттық тағамдарды ішіп-жеу арқылы анау-мынау ауруға дес бермеген. Бір тағамның бірнеше жолмен дайындалып, жасалу технологиясының мұқият сақталып, жасалу түріне қарай бірнеше атау берілуінің өзі аналарымыздың тамақтың бабын жақсы білгенін аңғартады. Осы орайда біз бүгін төрт түліктен табиғи жолмен алынып, барынша құнарын сақтай отырып жасалатын, соған сай адам денсаулығына да аса пайдалы құрт туралы айтпақпыз, деп жазады «Алаш айнасы» «Қазақтың құрты құрметке лайық» деген материалында.
Басылымның мәліметінше, адам денсаулығына аса пайдалылығының дәлелі - құрт кальцийдің көзі. Құрт - сөзінің мағынасы құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Сондай-ақ құрт ақуызға өте бай. Сондықтан ол құнарлы, тоқ тағам болып есептеледі. Оның құрамында А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері жетерлік.
Көздің жауын алатын небір техниканы жасап шығарып жатқан бүгінгі заманда өткенге оралып, ұмытыла бастаған ұсталық өнер жайында сөз қозғаудың өзі біреуге қызық көрінетін шығар. Алайда қазақ халқының ежелден ешкімнен кем түспейтін қолөнері болғанын өзге жұрттың алдында қалай насихаттай аламыз? Түп-тамыры тереңге тартқан біздің ұлтымыз да ешкімнен кем түскен жоқ. Елдің арасында темірден түйін түйген, сан алуан ағашты кәдесіне жаратқан және өзге де өнердің майын ішкен шебер қолды адамдар саны аз болды ма? Расын айтқанда, олардың саны өте көп. Бәлкім, олардың кейбірін кейінгі ұрпақ жадынан жоғалта бастаған да шығар.
Аттың үстінен түспей, күн-түн деместен кірпік ілмей, сынық сүйем жердің қасиетін бағалап, сол үшін қанын да, жанын да құрбан еткен қайран бабаларға қару-жарақты алтын қолды ұсталар жасап берді емес пе? Дәстүрлі қазақ қоғамында ұсталық өнерді киелі кәсіп түрінде бағалап, осындай шеберлерді төрге оздырғанын кез келген ұлтжанды азамат зердесіне тоқып өскені бесенеден белгілі. Өкінштісі сол кие бізден жоғалып бара жатыр ма деген ойға қаласың. Өйткені бүгінгі ұрпақ ұсталық өнерді ұмыт қалдырып, жаһандану заманының иіріміне терең батып бара жатқанын қалайша жасырамыз?
Мақала «Ұсталық өнер ұмыт қалып барады» атты тақырыппен беріліп отыр.