Соғыс жылдарында Атырау мұнай өңдеу зауыты қалай салынған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесі соғыс жылдарында қаланған. Бұл — еліміздегі ең алғашқы мұнай өңдейтін кәсіпорын.

«Аса құпия» таңбасы бар қаулы
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, КСРО мемлекеттік Қорғаныс комитеті 1943 жылдың 14 сәуірінде № 3181 қаулы қабылдаған. «Аса құпия» таңбасымен белгіленген қаулыда 4 мұнай өңдеу зауытының құрылысына алаң дайындау айтылған.
Соның бірі — бұрынғы Гурьев қаласындағы мұнай өңдеу зауыты. Жаңа өндіріс орны бастапқыда № 441 зауыт деп аталған. Өндіріс орнына Жайық өзенінен екі жарым шақырым қашықтықтан алаң дайындалған.
Жаңа зауыттың техникалық жобасын америкалық «Баджер және ұлдары» компаниясы әзірлеген. Бұл жобаға түзету енгізу КСРО Мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының № 1 тресінің, ал жергілікті жағдайға ыңғайлау «Ембімұнайжоба» кәсіпорнының мамандарына жүктелген.

Мұнай өңдеу зауытының құрылысы КСРО ІІХК Аэродромдық құрылыс бас басқармасының 3-ші басқармасына жүктелген.
Гурьевке 1943 жылдың 18 мамырында көлік техникасы мен Аэродромдық құрылыс бас басқармасының қызметкерлері бар алғашқы эшелон келген. Құрылыс басқармасына инженер, подполковник Иван Романовский жетекшілік еткен.
— Тақыр жер. Тегіс бетінен көгал атаулының бәрін өшіріп тастаған. Бұл өңірдегі табиғаттың ғұмырнамасынан мүлдем сызылып тасталғандай, шөп те, ағаш та жоқ. Күннің ыстығынан күйіп кеткен осы сор өңірге соғыс күндері зауыт пен жанына қала салу керек. Бірақ мұнда үй салуға қажет тас жоқ. Тек шаң мен тұз ғана. Алайда зауытты салу және іске қосуды тез атқару керек. Басқа амал жоқ, — деп жазыпты өзінің естелігінде Иван Романовский.
1944 жылы зауыт құрылысы қарқынды жүргізіліп, шешуші кезеңге аяқ басқан. Сол кезде құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам адам тартылған.

Жылу электр орталығы, су бөгеті, су таратқыш, тазартқыш нысандар, кәріз және жылыту желілері, тұрғын үй қалашығы салынған.
— Технологиялық қондырғылар тұрғызылды. Желтоқсанның алғашқы күндерінен су бөгетінде, ЖЭО-да, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінде құрылғыны кешенді сынақтан өткізу, іске қосу, жөндеу жұмыстары басталды. 1945 жылғы 1 қаңтарда зауыттың жылу-электр орталығы пайдалануға берілді. Осы жылы технологиялық қондырғылардың, тұрғын үйлердің, зауыттық және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың құрылысы қарқын алды. Пешной аралындағы нысандардың, зауыт пен аталған аралға дейінгі мұнай құбырының, мұнай қабылдауға арналған резервуарлық парктің құрылысы жеделдетілді. Технологиялық қондырғыларды монтаждау, асхананы, өрт сөндіру депосын, басқарма ғимараты мен химиялық зертхананы салу қарқынды жүргізілді. Жаңа қалашықтың құрылысы 18 айда салынды, — делінген зауыт ұсынған ақпаратта.

Алғашқы жанармай қашан алынған?
Зауыттың алғашқы жанармайы 1945 жылғы 8 қыркүйекте өндірілген. Сол кезде № 441 зауыттың өнім өңдеу қуаты 800 мың тоннаны құраған.
— Мемлекеттік комиссия 1945 жылдың 1 қазанынан 17 қарашаға дейін зауытты өнеркәсіптік қолданысқа енгізу үшін қабылдау жүргізді. Зауыт құрамына 17 өнеркәсіптік нысан, «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданы кірді. Технологиялық құрылғылар негізгі нысан болып саналды. Бұл — термиялық крекинг және мұнайды тікелей айдау блоктарымен құрамдастырылған, каталитикалық крекинг және тазалау, газофракциялық және күкіртті қышқылды алкилдеу қондырғылары. Сол зауытта орталық зертхана жұмысын бастады, — деп мәлім етті зауыттың баспасөз қызметі.
Мәселен, каталитикалық крекинг және тазалау қондырғысын іске қосу үшін 30 сорғы жабдығын сынақтан өткізілген. Турбокомпрессорда сынақ, 9 реакторда катализатор жүргізілген. Аталған қондырғы 1946 жылдың басында толық іске қосу, технологиялық режимге шығарылған.
Шикізат қондырғысының өнімділігі — жылына 346 мың тонна болған. Бастапқыда қондырғының шикізаты Бакуден әкелінген. Кейін жергілікті мұнайдан жасалған дистиллятқа ауыстырылған.
1946 жылы тағы бір қондырғы іске қосылған.
Бұл — газофракциялық қондырғы. Оған жылына 325 мың тонна шикізат жеткізілген. Қондырғыда жылына 83,8 мың тонна авиациялық компонент, 52,6 мың бутан-бутилен фракциясы, 6,8 мың тонна изобутан, құрғақ отын газы өндірілген.

Сол жылы қолданысқа берілген күкіртті қышқылды алкилдеу қондырғысынан бірнеше өнім алынған.
Жылына 34,3 мың тонна авиациялық алкилжанармайы, 3,8 мың тонна автожанармай компоненті, 12,7 мың тонна пайдаланылған бутан-бутилен фракциясы, 0,68 мың тонна пропан алынған. Бұл өнімдерді алу үшін жылына 52,4 мың тонна шикізат қажет болған.
— Зауыт 1960 жылдан кейін Атырау облысындағы кен орындарынан өндірілген ауыр шайырлы мұнайды өңдеуді арттырды. Сол кезеңде жергілікті мұнайы қайта өңдеу көлемінің 35-40 пайызын құрады. Мәселен, 1961 жылы Гурьев мұнай өңдеу зауытында өңделген шикізаттың 36 пайызы Ембі кен орындарынан алынған. Шығыс кен орындарындағы «қара алтынның» 36 пайызы, Түркімен кен орындарынан алынған мұнайдың 28 пайызы өңделді, — дейді зауыттан.

Ал былтыр Атырау мұнай өңдей зауытында өңделген мұнайдың көлемі 5 млн 547 мың тоннадан астам мұнай өңделген. Бұл — рекордтық көрсеткіш.
Бір жылда 5 млн 55 мың тоннадан асатын тауарлық өнім шығарылды. Оның ішінде 1 млн 646 мың тонна автобензин, 1 млн 658 мың тонна дизель, 213 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 188 мың тонна әуе отыны бар. Өңірлерге 4 млн 910 мың тоннадан астам өнім жөнелтілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын тұңғыш мұнай өңдеуші қазақ әйелі Зәуре Құмарованың жолын немересі жалғастырып жүргенін жазған едік.