Соғыс ардагеріне ескерткіш тақта орнатылды
АҚТАУ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Соғыс ардагері және республикаға айрықша еңбегі сіңген қоғам қайраткері Мұсабаев Жомарт Бисенғалиұлы тұрған 6-шағынаудандағы №4 үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев пен Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат Молдағұлов және марқұмның ағайындары қатысты.
«Елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш тақта орнату қолға алынған болатын. Жомарт Бисенғалиұлы - Маңғыстау ауданы Үштаған ауылында, қарапайым отбасында 1922 жылы дүниеге келген. Соғысқа қатысып, ерлігімен көзге түсіп, кейін бірнеше медальдармен марапатталған. Қатардағы атты әскерден полковник шеніне дейін көтерілген. Жиырма жылға жуық Тараз, Маңғыстау облыстарында әскери салада қызмет етті», - деді облыс әкімі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.