«Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 ***

Бүкіл адамзат тарихы тіршіліктің қасіреті болып саналатын соғыстармен жалғасып келеді. XX ғасырдың өзінде ғана екі дүниежүзілік соғысты қоспағанда, ағылшын-бур, орыс-жапон, Балқан, грек-түрік, кеңес-фин, Үндіқытай, АҚШ-Вьетнам, Араб-Израиль, Корея, Алжир, Ауған, Иран-Ирак, Англия-Аргентина қақтығыстары мен Иракқа қарсы коалиция соғысы, НАТО-ның Югославияны бомбалауы сияқты шайқастар жүріп өтті. Соғысты болдырмау үшін құрылған халықаралық ұйымдардың, шарттардың, келісімдердің жасалғанына қарамастан, бұл қасірет Жер шарының әр түкпірінен қайталануда. Адам баласы үшін зор құрбандықтар мен тауқымет алып келетін оның тарих көшінен қалмай күні бүгінге дейін жалғасып келе жатуының себебі неде?

Соғыстың шығу тегі мен себептері және зардаптары туралы көтерілген аталмыш мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Саясат пен соғыс» деген тақырыппен басылды.

 ***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, бізде көптеген оқиғаларға, тіп­ті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлы­ғын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғы­сынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыс барысында тұт­қынға түскен жерлес­терімізге көзқарастан айқын бай­қалады. 1941 жылғы шілде айының орта кезінде Қызыл Армия бір миллионнан астам солдаттары мен офицерлерінен айырылды, олардың 724 мыңы тұтқынға түсті. Сол жылдың қараша айына қарай не­міс лагерлеріндегі қызыләскерлік тұт­қындар саны 3,6 миллионға жетеді. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, газеттің бүгінгі санындағы «Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында» атты мақаланы қараңыз.

 ***

Сондай-ақ осы басылым Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында талқылынған мәселелерді жариялады.

«Маңызды міндеттер межесі» тақырыбымен шыққан бұл мақалада  жер ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру жұмыстары, ал­дағы жылу беру маусымына дайындық жайы, сондай-ақ, «Ха­лық­тық IPO» бағдарламасына қатысты ақпараттық-түсіндіру ба­рысы және де салыққа қатысты да кейбір мәселелер қамтылған.

Әрине, жер айналасында мә­се­ле аз емес. Біреулер қаншама жерді меншігіне өткізіп алып, бірақ оны пайдалануға селқостық танытып жүрсе, енді біреулер ұлтарақтай жерге зар. Ал енді біреулер жер телімдерін заңсыз са­тып, оның арты талай дауға ай­налып жатқанын естіп жүрміз. Қа­зірдің өзінде кейбір өңірлерде жеке тұрғын үй құры­лы­сына ин­фрақұрылымы жасақтал­ма­ған жер телімдері бөлініп жатыр екен. Осы тұрғыда Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров әкім­діктерге жер заңнамасына сәйкес жер телімдерін тек инфра­құры­лымы жасақталған алаңдардан беруге назар аудару керектігін қадап айтты.

                        ***

Кеше Алматыдағы Достық үйінде «Қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікте ұлттық кітап шығару және кітап тарату ісінің бәсекелестігін арттыру» деген тақырыпта келелі басқосу өтті. Қазіргі таңда Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасында 315 баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар тіркелген екен. Баспаның ең көбі Алматы қаласында - 218, Астанада - 29, Қарағандыда - 13, Шымкентте - 7, қалғаны басқа да ірі қалаларда.
Кітап палатасының деректері бойынша, 2011 жылы мемлекеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын кітаптарға 4 миллиардтан астам қаржы бөлініпті. Оның ішінде Мәдениет министрлігінен 1 млрд 264 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ең көп кітап шығарған баспалар қатарында - «Қазығұрт», «Жазушы», «Қазақ энциклопедиясы», «Балалар әдебиеті» алдыңғы қатарда. Кітап шығаруға келсек, 2010 жылы 4634 кітап шықса, 2011 жылы 5234 кітап шыққан. Таралымына келсек, 2011 жылы 1 мың тиражбен шыққан кітаптар 49 пайызды құраған. Қалғаны - 2 мың, 5 мың, 10 мың данамен. Ал 100 мың данамен тек 6 кітап қана шыққан. 2011 жылы шыққан кітаптардың 48,76 пайызы қазақ тілінде болса, 34,20 пайызы орыс тілінде, қалғаны басқа тілдерде.

Аталған игі шараның төңірігіндегі жұмыстар «Айқын» басылымындағы «Ұлттық кітап шығару ісі жолға қойылады» атты тақырыптағы мақалада кеңінен қамтылған.

«Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет отандық «Жаужүрек мың бала» фильмі алғашқы көрсетілімнен-ақ (3 - 6 мамыр аралығында) 1 миллион долларға жуық қаржы жинады (147 млн 600 мың теңге). 2012 жылдың ең ірі жобасы «Жау-жүрек мың бала» фильмі алғашқы көрсетілімінен кейін Қазақстан ки­нематографиясы тарихында бұрын-соңды болмаған қуанышты жағдай орын алды. Еліміздің кинотеатр басшылары фильмнің мемлекеттік тілдегі қосымша нұсқаларына тапсырыс берді. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ кинотеатрларға фильмді 70 пайызы  қазақ тілінде және 30 пайызы орыс тілдерінде ұсынғаны белгілі. Алайда қазақстандық кинотеатр өкілдерінің шетел туындыларын көруді дағдыға айналдырған «негізгі көрерменін жо­ғалтып алуымыз мүмкін» деген ойынан кейін фильмнің 30 данасы орыс тілінде және 21 данасы қазақ тілінде дайын­далған болатын»,-деп жазады «Айқын» газеті. Бұл материал «Төрт күнде - 1 000 000 доллар» деген тақырыппен берілген

   ***

Жеңіс Күнінде нұротандық альпинистер Ілі Алатауында теңіз деңгейінен 3,6 мың метр жоғары тұрған Бірлік шыңына шығып, онда  мемориальды тақта орнатуға ниетті, деп хабарлайды «Казахстанская правда» басылымы «На пик Единства!» атты тақырыптағы ақпаратта.

 Ал «Литер» газетіндегі «Победное восхождение» метериалында  естелік тақта Ұлы Отан соғысының ардагері, Рейхстагқа ту тіккен, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне негізделіп отырғандығы баяндалады.

 Айта кетейік, 2010 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлы Отан соғысының соңғы күндерінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туының таныстырылымы болды.Туды Қазақстанға алып келген Серікқали Мұқановтың айтуынша, Ұлы Жеңістің жаршысы болған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туы шабуыл кезінде ілінетін жалаулар болған. «Жалпы, Рейхстагқа шабуыл жасалған кезде осындай 9 жалау болған. Оның ішінде Рақымжан Қошқарбаевтың жалауы бірінші болып Рейхстагтың төбесіне тігілді. Осыдан кейін қаншама уақыт өтті. Кейбір дерек көздерінің мәліметі бойынша, бұл жалау бірнеше үлеске жыртылып, жауынгерлер арасында таратылды. Сондықтан 1945 жылы мамырдың 3-і күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «Ұлы Жеңістің туын бекіту туралы» қаулы қабылдады. Сол тулардың бірі - осы. Сондықтан оны көшірме деп санауға болмайды. Енді, бұл тарихи жәдігер ұлтымыздың ұлы мұрасына қосылды», - дейді С.Мұқанов. Осы уақытқа дейін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің мұрағатында сақталып келген.

Соңғы жаңалықтар