Соғыс жылдары қазақстандықтар Кеңес әскеріне 1200 вагон сыйлық жіберген

Сонымен қатар «Колхозник Казахстана» танктік колоннасының құрылысына 270 млн. сом ақша аударды. Осындай деректермен бүгін Алматыдағы ҚР Президенті архивінде ашылған тарихи-құжаттамалық көрмеде танысуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаровтың айтуынша, көрмеге Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы архивті құжаттардың түпнұсқалары қойылған.
«Қазақстанда сол кезде халықты жұмылдыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Ғалымдардың айтуынша, сол кездегі одақтас мемлекеттер арасында «мобилизация» ең жоғары деңгейде жүргізілген ел Қазақ ССР-і болған. Халықтың 22 пайызы әскер қатарына алынған», - дейді Борис Жапаров.
Көрмеге сондай-ақ Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің қазақстандықтарды әскер қатарына шақыру туралы шешімдері, Қазақстанда жасақталған әскерилердің азық-түлікпен, қару-жарақпен және материалдық қамтамасыз етілуіне қатысты құжаттар қойылған.
Көрме құжаттарында республикалық әскери комиссариаттардан майданға 14 атқыштар және кавалерия дивизиялары, 7 бригада, 1 зенит полкі, 12 құрылыс және 2 автобатальон жіберілгені, олардың ішінде 5 әскери құрам гвардиялық болып құрылғаны айтылған.
Көрме экспозицияларына сүйенсек, соғыс жылдары майданға республикадан 13 130 жүк және 825 жеңіл автокөлік, 1 538 трактор, 110 118 жылқы және 10 260 жүк арбалары жөнелтілген. Соғыс жылдарында қазақстандықтар жауынгерлерге 1 205 вагон сыйлықтар, киім-кешек және азық-түліктерді жіберіп, «Колхозник Казахстана» танктік колоннасының құрылысына 270 млн. сом ақша аударған.
«Соғыс Қазақстан басшылығын халықты майданға жұмылдыру, әскери құрамаларды қалыптастыру, азаматтық тұрғындарды әскери мамандықтарға оқыту, майданға қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскери жабдықтарды, көлік пен азық-түлік жіберу секілді мәселелерде жедел шешім қабылдауға мәжбүр етті. Қазақстан жерінде болған дайындық істері, тыл жұмыстарын ұйымдастыру, елдің экономикасына қатысты, Кеңес Одағының батысынан әкелінген зауыттарды қысқа уақытта іске қосып, майданға қажетті жабдықтарды жіберу сияқты жұмыстардың барлық құжаттары сақталған», - деді ҚР Президенті архиві директоры.
Қазақстан соғыс жылдарында Қызыл әскерге 1,2 млн. адам жіберсе, олардың әр екіншісі соғыста қаза тапты. 1945 жылдың 3 қазанында КСРО-ға тұтқыннан оралған 1 368 849 кеңестік әскери қызметшінің қатарында 23 143 қазақ болған. Көрмеде алғаш рет тұтқынға түскен сарбаздардың тағдырынан хабар беретін фотосуреттер, архивтік анықтамалықтар, тіркеу карталары, тұтқында болған әскерлердің жол карталары, күнделіктері, естеліктері, «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары» жобасының 2015-2017 жж. аралығындағы жұмысының нәтижесі туралы ақпараттар ұсынылды.