Соғыс жылдарында Қазақстан 1 млрд сомға қорғаныс өнімдерін шығарды - Жылгелдинов
- Мұхаммед Тұрсынбекұлы, ҚР Президенті Архиві ұйымдастырып отырған тарихи-құжаттамалық көрмеде қандай маңызды мәселеге назар аударылған, өйткені соғыс тақырыбы тарихта көп зерттелген сала емес пе?
- Ғасырлар тоғысында Екінші дүниежүзілік соғысты зерттеушілер - М.Қ. Қозыбаев пен П.С. Белан соғыс жылдарындағы Қазақстан тарихы бойынша іргелі зерттеулер енді ғана жүргізіліп бастады деп айтқан болатын. Осы тұрғыда Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыптарын зерттегенде соғыс жылдарында Қазақстанға майдан шебіндегі өңірлерден қоныс аударған адамдар, өндірістік күштер мен өнеркәсіп орындары мәселесін де қарастыру қажет. Тақырыпты жаңаша саралау, жаңа бағыттағы зерттеулер жүргізу Жеңіс тарихын кең ауқымда қарастыруымызға мүмкіндік береді. Тақырыптың аз зерттелуінің бір себебі, Кеңестік кезеңнің архивтік құжаттарының қолжетімсіздігінен болды. 2004 - 2008 жылдары ҚР Президенті Архивінің бастамасымен КОКП архив қорының құжаттарын құпиясыздандыру бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Қор құрамындағы соғыс жылдарының құжаттарын құпиясыздандыру «Рассекреченная война: «особые папки» ЦК Компартии Казахстана. 1941-1945 гг.» құжаттар жинағын, сонымен қатар, Қазақстанға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қоныс аударғандар мен босқындар тарихын зерттеу бойынша бірқатар басылымдарды, «Из истории депортаций. Казахстан 1930-1955 гг.» құжаттар жинағының сериясын дайындауға жол ашты. 2015 жылы Архив «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: әдебиеттер, деректер және мәліметтер базасы» жобасын іске қосты.
- Көрменің басты құндылығы неде?
- «Қазақстан Ұлы Отан соғысында: тарих тағылымы» атты бұл көрме - майдандағы және тылдағы жаппай ерліктен хабар беретін құжаттық хроника. Оның құндылығы да сонда. Мысалы, деректер келтірсек, республикалық әскери комиссариаттардан майданға 14 атқыштар және кавалерия дивизиялары, 7 бригада, 1 зенит полкі, 12 құрылыс және 2 автобатальон жіберілді. Соның барлық құжаттары сақталған. Олардың ішінде 5 әскери құрам гвардиялық болып құрылған. Майданға республикадан 13 130 жүк және 825 жеңіл автокөлік, 1 538 трактор, 110 118 жылқы және 10 260 жүк арбасы жөнелтілді. Соғыс жылдарында қазақстандықтар жауынгерлерге 1 205 вагон сыйлықтар, киім-кешек және азық-түліктерді жолдаған. «Колхозник Казахстана» танктік колоннасының құрылысына 270 млн. сом ақша аударғаны, барлығы құжат ретінде сақталған.
- Соғысқа қазақстандықтардың 20 пайыздан астамы аттанғаны белгілі, сонымен қатар құжаттарда соғыс Қазақстанның адам ресурсын да толықтырғаны айтылады, нақты деректер бар ма?
- Иә, Қазақстан соғыс жылдарында Қызыл әскерге 1,2 млн. адам жіберіп, олардың әр екіншісі соғыста қаза тапты. Толық емес статистикалық мәліметтер бойынша жалпы тұтқынға түскен 5,4 млн. Қызыл әскер сарбаздары мен офицерлерінің 3,9 млн.-нан астамы соғыстың алғашқы 4 айында тұтқындалған. 1945 ж. 3 қазанында КСРО-ға тұтқыннан оралған 1 368 849 кеңестік әскери қызметшілердің қатарында 23 143 қазақ болған. Көрмеде алғаш рет тұтқынға түскен сарбаздардың тағдырынан хабар беретін фотосуреттер, архивтік анықтамалықтар, тіркеу карталары, тұтқында болған әскерлердің жол карталары, күнделіктері, естеліктері, «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары» жобасының 2015-2017 жж аралығындағы жұмысының нәтижесі туралы ақпараттар ұсынылып отыр. Соғыс Қазақстанның адам ресурстарын да толықтырды: республикаға эвакуация кезінде өзінің келешек өмірін Қазақстанмен біржола байланыстырған жоғары білімді, білікті мамандар да келді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында барлығы 61 ұлт өкілдерінің топтары мен халықтар қоныс аударуға ұшырады.
- Көрмеде республикаға көшірілген өндіріс орындары туралы құжаттарға орын берілген екен. Нақты тізімдер сақталған ба?
- Көрмеде республикаға көшірілген өндіріс орындары, ғылыми және мәдениет мекемелерінің орналастырылуы және олардың жұмысы туралы құжаттар қойылған. 1941 ж. соңы - 1942 ж. басында Қазақстанға майдан шебіндегі - Украина, Беларусь, Ленинград, Мәскеу, Ростов, Таганрог қалалары, Ленинград және Мәскеу облыстарынан кәсіпорындар көшіріліп, қайта орналастырылды. Республикада 220 ірі, орта және шағын зауыттар, фабрикалар мен шеберханалар, еңбек бірлестіктері мен промкомбинаттар қайта қалпына келтірілді. Соғыс кезінде 20 зауыт, фабрикалар мен шеберханалар, конструкторлық бюролар қайта көшірілді. Республикаға көшірілген кәсіпорындар негізінде елімізде машина жасау, білдек жасау өнеркәсібі, қара металлургия, қорғаныс өнеркәсібі пайда болды. Аз уақыттың ішінде көшірілген зауыттар мен фабрикалар еліміздің әскери экономикасының бірыңғай құрамдас бөлігіне айналды.
Қазақстанның Қорғаныс өнеркәсібі миналық-тартқыш қару-жарақ, торпеда, мина, артснарядтар, әуе бомбаларын, оқдәрі, қопарғыш машиналар, радиостанциялар, рентген аппаратураларын, қара және түсті металлургия өнеркәсібінің құрылғыларын, күрделі пресс құрылғыларын, жеңіл қозғалтқыш түрлерін және электростанцияларға арналған бөлшектер шығарды. Соғыс жылдарында Қазақстанның зауыттарында қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің жаңа үлгілері: Т-53-39 торпедаларын, ЭТШ-80 электроторпедаларын, магниттік-түптік миналарды, суасты қайығы миналарын, траншеялы отшашарлар және т. б. шығару жолға қойылды. Қазақстан нағыз майдан арсеналына айналды. Соғыс жылдарында 1 млрд. сомнан аса соммаға тең келетін қорғаныс өнімдері, соның ішінде 20 ауыр артиллериялық полк пен 620 дивизияның қажеттілігін қамтамасыз ететін 3 млн. 900 мың түрлі калибрдегі снаряд шығарылды. 4 млн. теңіз минасы дайындалды және 25 суасты қайықтарының дивизионы торпедалармен қамтамасыз етілді. Көшірілген кәсіпорындардың көпшілігі Қазақстанда қалып, соғыстан кейінгі жылдарда өнеркәсіптің нығаюына және дамуына қуатты серпін берді.
- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет.