«Соғыс жылдарындағы Павлодар облысы» деп аталатын мультимедиялық диск таныстырылды
«Біз облыс тұрғындарының Ұлы Жеңіске қосқан үлестерін алғаш рет мультимедиялық нұсқада дайындап отырмыз. Басылымға 2 560 құжат, 200-ден астам фотосурет, ардагерлердің 25 бейне естеліктері енгізіліп отыр», - дейді мұрағатшылардың еңбегін жұртшылыққа таныстырған басқарма бастығы Халел Әкімханов.
Сегіз бөлімнен тұратын басылымның алғашқы тарауында анықтамалық материалдар, соғыс жылдарындағы газет материалдары, облыстық, аудандық партия комитеттері мен комсомолдың қаулылары орналастырылған. Әскери комиссарлардың бұйрықтары, әскери бөлімдердің жасақталуы туралы мәліметтер енгізілген. Оқырмандар сондай-ақ, майданға сұранған ерікті азаматтардың қолжазба арыздарын да өз көздерімен көре алады.
«Ал павлодарлықтар соғыс майдандарында» деп аталатын бөлімде әскери операциялардың карталары, павлодарлық жауынгерлердің тізімдері, майдангерлердің естеліктері бар.
Электрондық анықтағышта павлодарлық Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің толық иегерлері, соғысқа қатысқан жазушылар, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері туралы да толыққанды мәліметтер таба аласыздар.
Тағы бір тарау соғыс жылдарындағы облыстың экономикасына арналса, тағы бір бөлімде соғыста қаза тапқан және із-түссіз жоғалған павлодарлықтардың тізімдері берілген. Еңбек армиясына шақырылғандар туралы, Павлодар облысына қоныс аударылған немістер, поляктар, кабардиндар, шешендер мен ингуштер жайлы деректер де жарияланып отыр.