«Соқыр аймақ» жүк көліктерімен болатын апаттың басты себебі ме
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кейінгі жылдары ірі жүк көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп келеді. Мұның себебін Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында түсіндірді.
— Жыл басынан бері Астанада 900 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 900 адам жарақат алды. 11 адам қаза тапты. Жүк көліктерінің қатысуымен 15 жол апаты болып, салдарынан 16 адам жарақат алып, 1 адам көз жұмды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер жоғары. Былтыр 800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген еді, — деді спикер.
Маманның пікірінше, мұндай оқиғалардың негізгі себептерінің бірі — жүргізушіге көрінбейтін «соқыр аймақтар».
— Ол көліктің оң және сол жақ бүйірлерінде, сондай-ақ алдыңғы және артқы бөлігінде болады. Әсіресе оң жақ тұс қайғылы жағдайларға жиі себеп болады. Балалар мен велосипедшілер жүргізуші өзін көріп тұр деп ойлайды. Алайда ауыр техниканың кабинасынан төмендегі немесе қапталдағы қозғалысты байқау әрдайым мүмкін емес, — деді ол.
Мәселенің қаншалықты маңызды екенін жуырда болған қайғылы оқиға байқатты.
— Жақында Астанада жүк көлігінің жүргізушісі оңға бұрылу кезінде велосипедшіні қағып, салдарынан жасөспірім көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, — деді Бауыржан Тоқжұманов.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін полиция профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Әсіресе балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Спикердің айтуынша, бұл бағытта «Қауіпсіз жол» және «Мектеп» сияқты алдын алу шаралары ұйымдастырылып жатыр.
Сонымен қатар маман велосипед пен самокат қолданушыларын жолда барынша сақ болуға шақырды.
— Жол қозғалысы ережелерін сақтау керек. Каска киіп, қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді қолданған жөн. Жүк көліктерінің жанында қауіпсіз арақашықтықты сақтау маңызды. Сондай-ақ мұндай көліктерге жол беріп, олардың толық өтіп кеткеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қозғалған дұрыс, — деді спикер.
Бұған дейін маңғыстаулық түлектердің жол талғамайтын көліктермен кортежге шыққанын жазған едік.