Солтүстік Қазақстан облысы мектептерінің жаңа оқу жылына дайындықтары қанағаттанарлықсыз - прокуратура
«Тамыз айында мектептердің жаңа оқу жылына дайындықтарын тексеріп шыққан Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы, олардың дайындықтарының қанағаттанарлықсыз екенін мәлім етті», - делінген дүйсенбі, қыркүйектің 6-сында таратылған хабарламада.
Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, кей мектептерде кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіретін санитарлық-гигиеналық жағдайлардың сақталмауы, сонымен бірге мұғалім кадрларының жетіспеушілігі, оқушылардың оқулықтармен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі сияқты фактілер анықталды.
М.Жұмабаев атындағы ауданда құрамына төтенше жағдайлар бөлімінің, СЭС басқармасының және білім бөлімінің басшылары кірген комиссия мектептерді жаңа оқу жылына қабылдап алды. Аудандағы 56 мектептің 46-сы - өрт қауіпсіздігі ережелеріне қатысты ескертулермен қабылданғанын айта кету керек.
Өрт қауіпсіздігі ережелерінің осындай бұзылу фактілері Тимирязев ауданындағы 6 мектепте, Қызылжар ауданындағы 17 мектепте, Жамбыл ауданының 40 мектебінде, Шал ақын ауданының 40 мектебінде, Аққайың ауданының 31 мектебінде, жалпы алғанда, облыстың 180 мектебінде анықталып отыр.