Солтүстік Қазақстан облысында 13 сотталушы аштық жариялады
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Кеше Петропавлдағы ЕС-164/3 түзету мекемесінде 13 сотталушы тамақ ішуден бас тартты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сотталушылардың қамауда отырған тұлғаларды ұстау режімі бойынша заңмен белгіленген ережелер мен нормаларға қайшы келетін бірқатар талаптар қойып отырғаны анықталып отыр. Атап айтқанда олар мекемеде отырудың қылмыстық-атқарушы заңнамамен белгіленген режімін босаңсытуды, кәнігі режім бұзушылар үшін түзету колониясында қарастырылған қатаң шараларды алып тастауды, сотталушылардың мекеме аумағы бойынша еркін қозғалуына рұқсат беруді, міндетті тексерусіз және қалағандарынша сәлем-сауқаттар алуды талап етуде. Түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі прокурор мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы сотталушылармен кездесу өткізіп, олар қойып отырған талаптардың заңға қайшы келетінін түсіндірді. Ол жерде режімдік нысандағы жағдайды реттеу үшін жедел-профилактикалық шаралары кешені жүргізілуде.