Солтүстік Қазақстанда 200-ден астам пәтерге ұры түскен

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қалалық ІІБ тергеушілері бірнеше пәтердің тоналу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанда 200-ден астам пәтерге ұры түскен

Көкшетау қаласының төрт тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Олардың жасы - 26-дан 30-ға дейін.

Олар Петропавлдан Көкшетауға қайтып бара жатқан жолда Келлеровка ауылының тұсындағы «Рубеж» жүйесінің бақылау бекетінде тұтқындалды және пәтер тонау бойынша 4 фактіні мойындарына алды. Полицейлер олардың осы сияқты басқа да қылмыстарға қатысы барына сенімді.

 

«Қылмыстық топ соңғы бір ай ішінде «жұмыс істеген». Олар үй иелері жұмысқа кеткен сәтті пайдаланып, қылмысты күндіз жасаған және алтын бұйымдарды, ақшаны, тондар (шуба) мен басқа да бағалы заттарды қолды етіп отырған. Қылмыс құралы - қайқы кілт тәркіленді, оның көмегімен қала тұрғындарының пәтерлерін оңай ашып келген. Тұтқындалғандардың үшеуі бұрын сотталған және нашақор болып табылады», - деді Петропавл қалалық ІІБ бастығының міндетін атқарушы Асан Мейрамов.

ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

СҚО аумағында жыл басынан бері 200-ден астам пәтер тонау ісі тіркелді. Оның 85 пайызының беті ашылды.