Солтүстік Қазақстанда 4,5 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау басқармасының 33 қызметкері ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қарашадан бастап өңірде ревакциналау жүріп жатыр.
Бірінші кезекте коронавирусқа қарсы вакцинаны үшінші рет медициналық қызметкерлер алып жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері де ұжым болып ревакцинациядан өтті.
«Басқарманың 33 қызметкері бірге барып вакцина салдырдық. Өйткені ұжымның еңбекке қабілеттілігі әр қызметкерге байланысты. Сондықтан COVID-19-дан сақтану үшін әрқайсымыздың екпе алғанымыз маңызды. Вакцина салдырып шықтық, жағдайымыз жақсы. Салдырған кезде, шыққаннан кейін де ешқандай ауырсынуды сезінгеніміз жоқ», - СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Жалпы СҚО-да ревакцинация басталғалы 4 324 адам екпе салдырды.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 264 565 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алса, 248 мың адам толық курстан өтті.
Сондай-ақ Pfizer вакцинасын 4 мыңға жуық адам салдырды, оның ішінде 3 008 – жасөспірім, 812 – бала емізетін әйел және 103 – жүкті әйел.