Солтүстік Қазақстанда жаңа жылыту маусымына әзірлік басталды

Алдағы 2015-2016 жж. жылыту маусымына дайындық барысы туралы СҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Антон Федяев хабардар етті.
«2015-2016 жж. жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша облыстық штаб құрылды. Жоспарға сәйкес «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ ЖЭО-2-нің 8 қазандық агрегатына жөндеу жүргіземіз. «Петропавл жылу желісі» ЖШС-ның 10,8 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жасалады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен «Жас өркен» шағын ауданында 0,9 шақырым жылу магистралін салуға 714 млн. теңге бөлінбек», - деді Федяев.
СҚО энергетика және ТКШ басқармасы басшысының айтуынша, жылыту маусымының басталуына 544 қазандық, 295 шақырым жылу желілерін (оның ішінде Петропавлда 262 шақырымнан асады) дайындау қажет.
Жиын барысында облыс әкімі Е. Сұлтанов жұмыстың мерзімін кешіктірмей, уақтылы аяқтау қажеттігін баса айтты.
«11 шілдеде сағат 8-де селектор тағайындаймын. Әр әкім дайындалып, маған жағдайды баяндасын, барлығында кесте бойынша әзірлік паспорты болуы тиіс», - деп атап өтті әкім.