Солтүстік Қазақстандағы алдағы жылу беру маусымында жылу мен ыстық судың тарифтері көтерілмейді
ПЕТРОПАВЛ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылу беру маусымында жылу мен ыстық судың тарифтері көтерілмейді. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті монополист-кәсіпорындардың өтінімдерін қанағаттандырмай, тарифтерді қазіргі деңгейде қалдырып отыр.
Департамент «Петропавл жылу желілері» ЖШС, «Солтүстік Қазақстан Энерго» АҚ, «Солтүстік Қазақстан Энергоорталығы» ЖШС компанияларының өтінімдері бойынша жылумен жабдықтау тарифтеріне сараптаманы аяқтады. Аталған субъектілер қазіргі деңгеймен салыстырғанда, тарифтерді сәйкесінше, 47,5, 11,8 және 8,4 пайызға көтеру туралы өтініштер берген. Олардың өтінімдері қанағаттандырылған жағдайда, бөлшек тұтынушылар үшін жылу энергиясымен жабдықтау тарифі қазанның 1-інен бастап 28,5 пайызға көтерілуі ықтимал еді.
Табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес, Департамент мамандары тәуелсіз сарапшыларды және Сараптау кеңесінің мүшелерін тарта отырып, ұсынылып отырған тарифтерге сараптама жүргізді және бұқаралық тыңдаулар өткізді. Сараптаманың нәтижесі бойынша және Сараптау комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен бұқаралық тыңдауларда айтылған пікірлерді назарға ала отырып, департамент, тарифті қазіргі қолданыстағы деңгейде қалдыру туралы шешім қабылдады.