18:36, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Солтүстік Корея әскери кеменің апатқа ұшырағандығын растап отыр
АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Өткен аптада солтүстіккореялық әскери кемесі батып, бірнеше теңізші опат болды. Бұл оқиғаны осы елдің билігі растап отыр, деп жазады ВВС.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, елдің басшысы Ким Чен Ын суға батқан кеме экипажын еске алып, құрмет көрсету үшін әскери-теңіз қорымына сапар жасаған. Таратылған мәліметтерге қарағанда, әскери кеме жауынгерлік мақсаттарын орындау кезінде опат болған. Алайда апаттың толық себеп-салдары жайындағы деректер нақтыланбады. Солтүстік Корея үлкен әскерге ие болып отыр. Бірақ та олар пайдаланып отырған құралдар мен жабдықтар ескірген және олар нашар жағдайда деген пікір айтылуда.