15:13, 03 Маусым 2010 | GMT +5
Солтүстікқазақстандық спортшы Мажарстанда кикбокстан Әлем кубогын жеңіп алды
ПЕТРОПАВЛ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Солтүстікқазақстандық спортшы Самат Қыдырбеков Мажарстанда өткен кикбокстан Әлем кубогында үлкен табысқа жетті. Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында өнер көрсеткен Самат алтын медальді жеңіп алды және Әлем кубогының иегері атанды.
Байрақты бәсекеге Солтүстік Қазақстанның атынан екі спортшы: Самат Қадырбеков пен Азамат Нұрпейісов қатысты. Самат жарыстың фул- және лоу-контакт түрлері бойынша ересектер арасында чемпион атанды. Бірінші жекпе-жекте ол беларустық спортшыны 3:0 есебімен жеңсе, финалда ресейлік кикбоксшыны тізе бүктірді.
Халықаралық санаттағы спорт шебері Азамат Нұрпейісов бұл жолы сәтсіз өнер көрсетіп, бірінші кездесуде-ақ Финляндия спортшысына есе жіберіп алды.
Әлем кубогына дүниежүзінің 24 елінен спортшылар қатысты. Қазақстанның абыройын қорғаған 17 спортшы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді: құрама қоржынына 5 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль түсті.