«Солтүстікте туған тілімізді білуге талпыныс зор» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Солтүстікте туған тілімізді білуге талпыныс зор» - баспасөзге шолу

***

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов брифинг өткізіп, еліміздің сыртқы саясат ведомствосының өтіп бара жатқан жылғы қызметі жөнінде баяндап берді. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Жыл қауырт әрі жемісті болды» деген тақырыппен жарияланды. Басылымның жазуынша, брифинг барысында еліміздің Сыртқы істер министрі Украинаға байланысты Ресей мен Батыс арасындағы жағдайларды да айтты. Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Ресей мен Батыс елдері арасындағы қалыптасқан проблемалар, жалпылай алғанда, Батыс пен Шығыс арасында түсініспеушіліктің өршуін туындатып отыр. Қазақстан осы түсініспеушіліктің бейбіт жолмен шешілуін қолдайды. «Біздің Президентіміздің күш салуымен осы жылдың 26 тамызында Минскіде Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттерінің кездесуі өтті, - деді Е.Ыдырысов осы мәселе жөнінде. - Кездесуге сондай-ақ Еуропалық одақтың жоғары лауазымдағы өкілдері де қатысты. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан басшысы алдымен Киевке, одан кейін Мәскеуге сапармен барды. Жақын жуықта келіссөздер жолымен Украинаға қатысты проблемалар шешімін тауып, бұл елде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнайды деген үміттеміз».

Осы басылымның жазуынша, Қазақстанда техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылған. Оның ерекшелігі, көлікті тексеріп және нәтижесін осы жүйеге енгізудегі бағдарламалық жасақталуында. Міне, осылайша, аталған міндетті шараның сапасы мен айқындығы қамтамасыз етіледі. Жоғарыда көрсетілген жүйе Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің орталық мәліметтер базасына орнату шеңберінде құрылған. Техникалық байқау орталықтары еліміз бойынша аталған жүйеде мәліметтерді онлайн беру мүмкіндігімен қамтамасыз етеді. «Қазіргі кезде техникалық байқаудан өткізу барысында көлік құралдарының жағдайы туралы ақпараттар тікелей «Техникалық байқау» жүйесіне түседі. Келесі қадам - мәліметтерді жүйеге қолмен енгізуден бас тарту, бұл дегеніміз техникалық байқау орталықтарында операторлармен мәліметтерді қолмен енгізу және түзету мүмкіндіктерінен айырады. Техникалық байқау барысында көлік құралының жағдайы салыстырылады, яғни, өз кезегінде «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесімен біріктірілген, мамандандырылған бағдарламалық жасақпен тексеріледі. Бүгінгі күні техникалық байқау орталықтары 70 пайыздан артық мамандандырылған бағдарламалық жасақпен жабдықталған», - деп жазады басылым. Мақала «Техникалық байқау компьютер арқылы жүргізіледі» деген тақырыппен берілген.

*** «Айқын» газетінің бүгінгі санында қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Солтүстікте туған тілімізді білуге талпыныс зор» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің: «Осыдан екі-үш жыл бұрын сырттан келген ағайындардың көшінің басын солтүстікке бұрған еді. Қазір қандастардың жағдайы қандай?», деген сауалына да қоғам қайраткері тұщымды жауап берген. Ол: «Қызылжар өңірі көштің басын атамекенге бұрған ағайындарды сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылдай бастаған. Өтпелі кезеңнің қиындықтары оларға да үлкен салмақ болып, көпшілігі тұрақтай алмады. Қазір жағдай өзгерді ғой. Жұмыс істеймін деген адамдарға мүмкіндік молайды. Неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Сол сияқты, жеңілдікпен несие алуға да болады. Бұл арада бәрі адамның өзіне байланысты. «Осы жерде тұрамын, еліме, халқыма қызмет етемін» деген шын ниетпен келген ағайын мақсатына жетеді», - дейді. Сонымен қатар ол солтүстікте қазақ тілін білуге ұмытылыстың зор екендігін, көптеген өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанын атап өткен.

*** «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ынталандыру мақсатында елімізде былтырдан бері «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы жүзеге асырылып отырғаны көпшілікке белгілі. Бұл бағдарлама аясында етті мал өсіру саласын дамыту, оның экспорттық әлеуетін арттыру сияқты бірнеше басым бағыттар қамтылған. Ал биылғы жылдан бастап осы бағдарлама аясында қой өсіру саласында мал басын арттыруға ден қойған отандық фермерлерге тікелей қолдау көрсету мақсатында «Алтын асық» атты арнайы бағдарлама әзірленген болатын. Осыған байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ биыл жаздан бастап еліміздің түрлі өңірлерінде, оның ішінде Ақмола облысында да несие алуға ниетті фермерлерді қаржыландыруға кіріскен болатын», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санында жарияланған «Қой шаруашылығы қайта жаңғырмақ» атты мақаласында.

Басылым бағдарлама аясында биыл жаздан бастап еліміздің түрлі өңірлерінде, оның ішінде Ақмола облысында да несие алуға ниетті фермерлер қаржыландырыла бастағанын жазады. Жеті жыл мерзімге дейін берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесі жылына субсидияны есептегенде небәрі 7 пайызды құрайды. «Алтын асық» бағдарламасына қатысатын фермерлердің бірі - жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Бақтияр Тұраров. Оның шаруа қожалығы Ақмола облысына жақсы танымал. Кәсіпкер соңғы 10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Шаруашылықты одан әрі дөңгелету үшін әлі біраз инфрақұрылым қажет екенін ескерген кәсіпкер енді қой өсіруге мықтап ден қойып, өзінің аграрлық бизнесін кеңейте түспек. Кәсіпкердің бұл мақсатына қол жеткізуі үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 8,7 миллион теңге көлемінде несие берілді. Бұл қаражатқа шаруа тағы 310 бас қой мен 15 бас асылтұқымды қошқар сатып алған. Бақтияр Тұраровтың айтуынша, «Алтын асық» - қой өсірумен айналысатын барлық шаруашылық иелері үшін көптен күткен бағдарлама. «Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қой өсірумен айналысқан, сондықтан қой өсірушілерді қаржыландыратын осы «Алтын асық» бағдарламасының қабылданғанын ести сала мен оған қатысамын деп шештім. Корпорацияның Ақмола облысы бойынша филиалына келіп, өз өтінішімді бердім», дейді Бақтияр», деп жазады басылым.

«Алтын асық» бағдарламасының мұндай тиімді тұстары мен артықшылықтарын тек Бақтияр Тұраров қана емес, еліміздің әр өңірлеріндегі өзге де қой өсіретін көптеген шаруашылықтар бағалап отыр. Қазірге дейін «Алтын асық» несиелендіру бағдарламасының аясында кәсіпкерлерге жалпы саны 84 мың бас қой сатып алуына қаржы берілді» деп түйінделген мақала.